Қызылорда облысы әкімі Қуанышбек Ысқақов Өзбекстанның Үргеніш қаласында «Агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы аймақтық бизнестің ынтымақтастығы» тақырыбындағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ІІ халықаралық ынтымақтастық форумына қатысты.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлауынша, кездесуде Қызылорда облысы әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Хорезм облысы хокиматы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум екі елдің шаруашылық қызмет субъектілері арасында тікелей байланыс орнатуды және ұзақмерзімді экономика, ғылыми-техника, мәдени, іскерлік саланы, сауда қатынастарын дамытуды көздейді.
Форум аясында Қуанышбек Ысқақов Қызылорда өңірімен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі Хорезм облысындағы жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Кәсіпкерлер Шиелі ауданында жеміс ағаштарын егіп, өсіруге ниетті. Минерал тыңайтқыштар шығаратын кәсіпорын өкілдері Сыр өңірін ауылшаруашылығына қажет минерал тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге қызығушылық танытып отыр.
Мақсатымыз — өңірге инвесторлар тарту. Бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Қызылорда облысына келіп, жаңа кәсіпорындар ашып, ауылшаруашылығы саласында жобаларды жүзеге асырғысы келетін кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз, — деді Қуанышбек Ысқақов.
Форум аясында өңір өнімдерінен арнайы көрме ұйымдастырылды. Шараға Қызылорда облысынан «Абзал и К», «Аралтұз», «Гежуба-Шиелі цемент», «Смарт Раббер» және «РЗА» сияқты бес тауар өндіруші мекеме қатысты. Көрмеде азық-түлік, цемент өнімдері, тамшылап суару құбырлары мен сүт өнімдері келушілер назарына ұсынылды. Оған қоса, Қызылорда облысынан арнайы барған индустриялық-инновациялық даму, кәсіпкерлік және туризм басқармалары жергілікті кәсіпкерлермен және мемлекеттік орган өкілдерімен кездесіп, ортақ жобаларды жүзеге асыру мақсатында келіссөздер жүргізді.