Қызылорда облысында жолаушылар мінген автобус аударылды

Ақпарат құралдары жеті адамның қаза тапқанын және тағы 25 адамның жарақат алғанын хабарлады.

Автобус, Қызылорда облысы
Фото: ҚР ІІМ баспасөз қызметі

Қызылорда облысында жолаушылар автобусы аударылды. Tengrinews.kz тілшісі сегіз адамның қаза тапқанын ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Жол апаты 3 желтоқсан күні сағат 04.30 шамасында болған. Салонында 35 жолаушысы бар автобус аударылып, салдарынан сегіз адам қаза тауып, тағы 25-і жарақат алды.

Zakon.kz тілшісінің хабарлауынша, South Oil серіктестігіне тиесілі автобус Құмкөл кен орнынан шығып, Шымкентке бет алған. Қазір  ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-тармағы бойынша (“Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы”) іс қозғалды.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі оқиғаға байланысты “қауырт желі” іске қосылғанын хабарлады.

Төтенше жағдайлар комитетіне Қызылорда облысының Қызылорда – Құмкөл трассасында салонында жүргізушілері бар автобустың аударылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Төтенше оқиғаға байланысты зардап шеккендерге психологиялық көмек және ақпараттық қолдау көрсету үшін 2019 жылғы 3 желтоқсандағы сағат 08.20-дан бастап комитетте “қауырт желі” телефоны жұмыс істеп жатыр, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Ірі жол апатына қатысты ақпарат алу үшін 8 (7172) 53 32 84, 32 24 59, 53 32 79 нөмірлеріне қоңырау шалу қажет.