«Отбасы хрестоматиясы» қорының өкілдері кезекті кітабын табиғат, жан-жануар және экология тақырыбына арнап отыр. Олар көне түркі және қазақ фольклорындағы өсімдік пен жануар әлеміне қатысты аңыз-дастандарды жинастырған. «Ecosophy немесе киелі табиғат» кітабын авторлар 2019 жылы акбөкендерді қорғаймын деп оққа ұшқан қорықшылар Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазиновтың рухына арнайды.

Норвегия философы, эколог Арне Несс 1973 жылы «экософия» терминін ойлап тауып, табиғатты қорғауда халық санасындағы аңыз-дастандарға сүйенуге үндейді. Авторлар Әділбек Нәби, Сәкен Нұрқабекұлы және Мұхит Төлеген философтың бұл идеясын біздің қоғамға да енгізу керек деп есептеп, кітап шығарып отыр.

Технология қарқынды дамыған кезде орманды бейберекет құрту, жануарды еркін кеңістігінен айыру деген сияқты проблемалар болады. Арне Несс табиғатты қорғауда заң мен қоғам ұйымдарының көмегі аз болатынын ойлап, осындай терминді шығарды. Ол балалардың қарлығашқа киелі құс деп қарауының, ал торғайды аямай өлтіруінің себебін іздеген. Егер торғай туралы да аңыз немесе ертегі болса, оны өлтірмес еді. Ғалым осылайша жануар мен өсімдік туралы ғибратты әңгімелер барда табиғатты заңның араласуынсыз-ақ қорғауға болатынын айтқан, — дейді Әділбек Нәби.

Әділбек Нәби
Әділбек Нәби. Фото: Айгүл Хожантаева

1985 жылы осы ұғымды Таиланд экологы Нэнси Нэшем практикада қолдануды ұсынады. Жергілікті тұрғындар будданы ұстанатындықтан осы діндегі табиғат пен жан-жануарға қатысты аңыздарды жинайды. Кітапты мектепке таныстырып, оқыта бастайды. Осы себептен 10-20 жылдан кейін Таиландтың табиғаты жақсарған деседі. Адамдар жануарға жанашырлық танытқаннан кейін олар қалаға келіп, еркін өмір сүре бастаған. Бұл жағдай елде туризмнің дамуына себеп болды.

Қазақстанда аққуды киелі санайды. Оған бір себеп — Мұқағалидің «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы. Бізде 80-жылдарға дейін 3 миллион басқа жуық ақбөкен болған. Ашаршылық жылдары да адамдар ақбөкенді киелі санап, тиіспеген. Ал 2003 жылғы дерек бойынша 23 мың бас қана ақбөкен қалған. Неге бұрын көп болды десеңіз, кезінде Құрманғазының «Ақсақ киік» күйі, Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киік» өлеңі халық арасында кең таралған. Киік туралы әңгімелер радиодан беріліп, аңызын көнекөз ақсақалдар айтып отыратын, — дейді Әділбек Нәби.

«Ecosophy немесе киелі табиғат» кітабы балаларға, ата-ана мен мұғалімге пайдалы. Нақты жас шектеуі жоқ. Дегенмен авторлар кітапқа балалар қызықсын деп, түрлі бояуды, суретті көп қолданған.

Көріп отырғаныңыздай, кітап дизайнымен тартады. Шрифті де үлкен. 2-кластан бастап бала ата-анасынсыз өзі оқи береді, яғни тілі жеңіл. Бұл кітап тек оқушыларға арналған деген сөз емес. Қоршаған ортаны жас-кәрі боп бөлініп қорғамаймыз ғой. «Ecosophy немесе киелі табиғат» кітабын кейбір мұғалім мектепте қолданып жүр екен. Өзіміз де мектеп бағдарламасына енгізгіміз келеді, — дейді Сәкен Нұрқабекұлы.

"Ecosophy немесе киелі табиғат" кітабының авторлары
«Ecosophy немесе киелі табиғат» кітабының авторлары. Фото: Айгүл Хожантаева

Идея авторы Бағдат Құдиярдың айтуынша, кітап қоршаған ортаны қорғауға ғана үндемейді, ол қоғамда кие түсінігін қалыптастырады.

Қазақстанның кей өңірінде мекендейтін жануарлар басқа жерде болмайды. Соған байланысты кейбірі халықтың сарыала қазды өлтірмейтінін білмеуі мүмкін. Кітап табиғатты сақтауға ғана емес, адамдағы кие ұғымын қалыптастыруға көмектеседі деп ойлаймын. Табиғатты аялайтын адам айналасына да құрметпен қарайды. Бала кітаптағы барлық аңызды жаттап, оған шын сенсе, қазір өзекті болып тұрған Алматының тұмшасы мен тұрмыс қалдығы проблемасы да қатар шешілер еді, — дейді ол.

Бағдат Құдияр
Бағдат Құдияр. Фото: Айгүл Хожантаева

Авторлар қазіргі мектеп бағдарламасында қазақтың өсімдік пен жануарға байланысты аңыздары көп кездеспейтінін айтты. Содан жас жеткіншектер қарлығаштың ұясын бұзуға, дәуітті өлтіруге болмайтынын білмейді.

Өзіміз мектепте дәуіт қарлығаштың балапандарын жыланнан құтқарып қалғаны туралы аңызды жаттап өстік. Сол үшін оны өлтірмей, ұшырып жібереміз. Бір күні кішкентай қызымның үйде дәуітті өлтірейін деп жатқанын байқадым. Оған бұл жәндікті киелі санайтынымызды айттым. Қызым мұндайдан хабарсыз болып шықты. Қазіргі сауат ашу сабағында бұл аңыз жоқ екен. Кітапты мектепте де қолданса екен деп жатқанымыз сондықтан, — дейді Әділбек Нәби.

«Ecosophy және киелі табиғат» кітабында халықтың аузында жатталып қалған немесе мүлдем ұмытылған аңыз-дастандар бар. Жануар туралы ғана емес, бүкіл өсімдікке, өзен-көлге байланысты әңгімелермен танысуға болады. Жеміс-жидектің пайдасы да айтылады.

"Ecosophy немесе киелі табиғат" кітабының авторлары
Фото: Айгүл Хожантаева

Кітап әзірше 3000 дана тиражбен шығып, Алматыда, Нұр-Cұлтанда, Ақтауда және Атырауда таныстырылды. Кітапқа көбіне «Отбасы хрестоматиясы» сериясының оқырманы қызығып отыр. Авторлар қойған көтерме баға — 2000 теңге.

Қазақстанда қалыптасқан стандартпен басылған кітап көп. Біз соны бұзайық дедік. Кітап дизайнынан Скандинавия елдері алда. Сол жақтың тәжірибесіне сүйене отырып, осындай дизайн жасадық. Ақ қағазға басылуы, мәтіннің жан-жағында бос орын қалуы — бәрі оқырманның оқуына ыңғайлы болуы үшін жасалды, — дейді суретші, дизайнер Арман Ғинаятұлы.

Дизайнер Арман Ғинаятұлы
Арман Ғинаятұлы. Фото: Айгүл Хожантаева

«Отбасы хрестоматиясы» қорының өкілдері «Ecosophy немесе киелі табиғат» жинағын тәлім-тәрбиеге қатысты басқа кітаптан бөліп қарамайды. Олар өсімдік пен жан-жануарды қадірлеуді үйрету де бала тәрбиесінің бір саласы деп есептейді.

Ит пен мысық шарбағымызда жүр. Үйге қарлығаш ұя салуы мүмкін. Бақшаға ағаш егеміз. Баланың олармен қарым-қатынасы ең бірінші үйде қалыптасады, — дейді Әділбек Нәби.

"Ecosophy немесе киелі табиғат" кітабы
Фото: Айгүл Хожантаева

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!