Ұрғашы мысық Мусяның қожайыны оны ұрықсыздандыру операциясынан кейін ветеринарға көрсетуге әкелген. Ал шарпей тұқымына шатыс еркек ит Бакстың іш құрылысы ультрадыбыс зерттеуі аппаратымен тексеріліп жатыр. Animal Doctor ветеринариялық емдеу-диагностика орталығының негізгі пациенттері – Муся мен Бакс сияқты ит пен мысық.

Мысық, Муся
Муся мысық. Фото: Айгүл Хожантаева

Адамдар көбіне ит пен мысық ұстайды. Үй тышқаны, тотықұс, жылан сияқты жануарлар – біздің өлке тұрғындары үшін экзотика. Сондықтан бұларды асырайтындар аз. Біздің клиникаға ит пен мысықтан басқа жануарлар көп келмейді, – дейді ветеринар Дархан Тілеужанов.

Ветеринарлар Дархан Тілеужанов пен Наталия Лебедева
Ветеринарлар Дархан Тілеужанов пен Наталия Лебедева. Фото: Айгүл Хожантаева

Асырап алмас бұрын не істеу керек?

Ветеринардың айтуынша, жануарларды жақсы көретін адам көп, бірақ бағып-күтуге келгенде біразы шыдамайды. Аз күн ұстап, үй жануарын басқа қожайынға табыстайды. Адам белгілі бір жануарды асырауды ойласа, ең бірінші сол туралы ізденіп, тұқымына мән бергені дұрыс.

Жануар туралы ештеңе білмей, түріне қызығып, асырап алатындарды жиі кездестіремін. Оны үйге алып келген соң проблема басталады. “Мысығым неге ауырып қалды?” деп клиникаға келеді. Адам үй жануарын асыраймын деп шешті ме, бағып-күтуді өз жауапкершілігіне алсын. Дәл сол жануар туралы, қандай жағдай болуы мүмкін екенін білуі керек, – дейді дәрігер.

Ит пен мысық асырағысы келгендер оларды жануарларды уақытша асырайтын мекемелерден сатып алғаны дұрыс. Жануардың бір тұқымын ғана өсірумен айналысатын клубтар бар. Ол жақта жануарға жақсы қарайды, ауруға қарсы вакцина егеді, тіпті жануарды енесін көріп таңдауға болады. Тері ауруларымен ауыратын адам жануар асырамағаны дұрыс.

Ветеринарлар жаңа туған марғау мен күшікке екпе салады. 3 аптадан кейін оны қайталайды. 2 ай толғанда ішек құртын айдайтын дәрі береді. Екпені 6 айдан бір жасқа жеткенде де қайталау керек. Кейін жылына бір рет вакцина салса, жеткілікті. Ветеринарияда жаңа туған жануарды осылай күту дұрыс деп есептеледі, – дейді ол.

Дархан Тілеужанов
Дархан Тілеужанов. Фото: Айгүл Хожантаева

Қалай қоректендіру керек?

Ветеринардың айтуынша, жануарға тамақты нормадан көп беруге болмайды. Клиенттер оларды көбіне дұрыс тамақтандырмайды, әсіресе, мереке дастарханынан қалған тағамды тастауға обалсынып, ит пен мысыққа береді.

Ит пен мысыққа тұзды, майлы, қуырылған және тәтті тағамды беруге болмайды. Негізі ұннан жасалатын тағамды олардың асқазаны көтере бермейді. Дегенмен мұндай өнімдерге тәбеті тартса, беруге болады. Ал торт пен печенье ит пен мысық жейтін тағам емес. Сүттің тек итке, мысыққа арналған түрін беру керек. Сиыр мен ешкінің сүті жарамайды. Ит пен мысыққа арнап шығарылатын азықтың сыртында қанша грамм беру керек екені жазылады. Сол нұсқаға қарай тамақтандыру керек. Көп қожайын нұсқаулықты оқымайды, – дейді Дархан Тілеужанов.

Жануарды үйде емдеген дұрыс па?

Ветеринар жануарды үйде емдеуге қарсы. Оның айтуынша, клиенттер ит-мысығы құсса немесе олардың іші өтсе, не істеу керек екенін дереу интернеттен қарайды. Онда дұрыс жазылмауы мүмкін. Ал адамдар жануарды үйде емдеуге тырысады да, ауру асқынып кеткенде ғана клиникаға келеді. Бұл кезде емдеу де қиын.

Жануар құсса, ветеринарға бармай, шамалы уақыт күте тұрып, жағдайын бақылауы керек. Ол шамадан көп тамақ жеп қоюы мүмкін. Бірнеше рет құсса, дәрігердің көмегі қажет, – дейді ол.

Көктем, күз мезгілдерінде ғана ветеринармен ақылдасып, үй жануарларына кенеге қарсы дәрі беруге болады.

Дәріні жануардың аузына салып, жауып тұрса, ол жұтады. Мұндайға көнбесе, азығына араластырып беру керек, – дейді ветеринар.

Ветеринар Дархан Тілеужанов
Дархан Тілеужанов. Фото: Айгүл Хожантаева

Үй жануарын қалай жуындыру керек?

Негізі кез келген ит-мысықты далада бағуға болады. Тек қыста жылы үйшігі болғаны дұрыс. Тұқымынан кішкентай итті көпқабатты үйде, тұқымы ірі төбеттерді жер үйде баққан ыңғайлы. Үй жануары отбасының бір мүшесі сияқты. Жер үйде мысық болса, тышқан аулайды. Себебі тышқан да түрлі ауруды тасымалдайды. Ит қорғаушы немесе қоңырау қызметін атқарады.

Мысық өзін өте таза ұстайды. Жиі жуындыру қажет емес. Итті үсті кір болғанына қарай жуындыру керек. Ескеретін нәрсе: кәдімгі сусабынды емес, жануарларға арналғанын қолданыңыз. Кейбірі кір жуатын ұнтақпен жуындыра салады, әсіресе мысық мұндай ұнтақтан уланып қалуы мүмкін. Мысық пен итке қай жерге дәрет сындыру керек екенін алғашқы күннен үйретсе, үйдегі тазалықққа ешқандай кесірі жоқ. Жағымсыз иіс шықса, оны жоятын құралдар жетеді, – дейді дәрігер.

Кастрация мен стерилизация

Көбіне ит пен мысықтың еркегіне кастрация, ұрғашысына стерилизация жасайды. Ветеринардың айтуынша, жануарды көбейткісі келмейтін клиенттер үшін бұл дұрыс. Стерилизация жасалған жануардың онкологиялық ауруға көп шалдықпайтыны дәлелденген. Алматыда ит-мысыққа кастрация жасауға шамамен 4-5 мың теңге кетеді. Ұрықсыздандыру операциясы 10-12 мың теңге тұрады.

Ұрғашы ит-мысық ұрықсыздандырылмаса, гормондардың әсерінен күйзеліске ұшырайды, ерекше дауыс шығарып, кез келген жерге дәрет сындыра бастайды. Гормондарды реттейтін арнайы дәрі-дәрмек бар, бірақ клиенттерге оның зиян екенін ескертеміз. Еркек жануар кестірілгеннен кейін біртіндеп оның азығын да ауыстыру керек. Әуелі күнделікті рационына кастрация жасалған жануарға арналған тағамды араластыру керек, уақыт өте оны көбейтіп, кейін сол рационға түгел көшу керек. Бұл несеп жолы ауруларын асқындырмайды, – дейді Дархан Тілеужанов.

Ветеринарлар
Фото: Айгүл Хожантаева

Жануарды үйде жалғыз қалдырғанда

Жануарды үйде жалғыз қалдырғанда сақ болу керек. Ине, резеңке, кішкентай заттар жерде жатпауы керек. Сусабын сияқты химиялық құралдар шкафта тұрғаны жөн. Тамағын дайындап, терезені жауып кету қажет.

Ит пен мысыққа ойыншық сатып аларда да жануар мен ойыншықтың көлемін ескеру керек. Үлкен итке кішкентай доп жарамайды, жұтып қоюы мүмкін. Тырнағы теріні жарып шығатындықтан олар бірнәрсені тырнағанды жақсы көреді. Мұндайда зоодүкеннен жануар тырнап ойнайтын кагаточки алған дұрыс. Егер ит пен мысық бір-бірімен тіл табысып жатса, бірге асырауға ештеңе кедергі емес, бірақ мысық пен итті тотықұспен, үй тышқанымен бірге асырауға болмайды, – дейді ветеринар.

Мысық адамның ауырғанын сезеді, өзіне тартып алады деп сенетіндер бар. Ветеринар мысықтың мұндай қасиетін байқамапты. Оның айтуынша, мұның бәрі – адамның сенімі. Есесіне жануардан жұғуы мүмкін аурулардан сақтану керек.

Үйдің ішінде жүретін жануарды 2-3 айда ветеринария клиникасына тексертіп тұрған дұрыс. Серуенге алып шығатын болсаңыз, оған вакцина салынған болуы керек. Мысық көбіне үйде отырады, далаға шықпайды. Итті таңертең және кешке серуендеткен жақсы, – дейді Дархан Тілеужанов.