«Азаматтығымды растай алмай 20 жыл жүрдім»

Марина Татаринцева — Алматының тұрғыны. 90-жылдары Ресейге көшіп кетіп, сол жақта тұрмыс құрған, жеке куәлігін ауыстырған. 1996 жылы күйеуімен ажырасып, Қазақстанға оралады. Елге келгенде осы жердің азаматы болып тіркелейін десе, мемлекеттік органдар одан ажырасқаны туралы құжат талап еткен. Бірақ Маринаның Ресейге қайта баруына мүмкіндігі болмайды. Сөйтіп 20 жыл бойы Қазақстан азаматы бола алмай жүрген.

2007 жылы елшілікке бардым. Бірақ қаражаттың болмауынан қай елдің азаматы екенімді растай алмадым. Сол жылы мен қызыл куәлігімді жоғалттым да, ешқандай құжатсыз қалдым. 2016 жылы көші-қон полициясына жүгіндім. Олар бірнеше құжаттың тізімін берді де, ештеңе түсіндірмеді. Әрі қарай қайда барарымды, кімнен сұрарымды білмедім. Уақыт өтіп бара жатқанын, өмірім қиындай түсетінін сезсем де, көмек сұрайтын жан таппай, біраз жүрдім, — дейді ол.

Марина Татаринцева
Фото: Еңлік Сақтан

Бір күні Марина интернеттен адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдарды іздейді. Осылай IBelong жобасымен танысады.

Қалай екенін білмеймін, кездейсоқтық шығар. Мен Евгений Жовтистің электрон поштасын тауып, оған хат жолдадым. Сол күні жауап келді. Евгений мені IBelong жобасының мамандарымен таныстырды, олар бір жыл ішінде азаматтық алуыма көмек берді, — дейді Марина Татаринцева.

Қазақстанда биліктің көзіне түспейтін қанша адам бар?

Биылғы бірінші жартыжылдықтағы дерекке сүйенсек, Қазақстанда 7 500 адам азаматтығы жоқ тұлға ретінде тіркелсе, тағы 5 мыңнан астамының статусы айқындалмаған. Азаматтығы жоқ адамдарды мамандар «көрінбейтін адамдар» деп атайды, себебі еш жерде тіркелмеген азаматтарды билік те байқамайды.

Қанша адам азаматтықсыз жүргенін адамның өзі хабарламаса, біле алмаймыз. Осы жылы бізге 601 адам жүгінді. Оның ішінде 267 адамның мәселесін шеше алдық. 429 адамның ісі қаралып жатыр. Осы уақытқа дейін ресми құжат алғандардың 80%-і Қазақстанның азаматы болып шықты, — дейді Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары Денис Дживага.

Жаһандық науқан іске асырыла бастаған 2014 жылдан бері елімізде 1500 адам азаматтық алды.

Азаматтыққа қатысты мәселенің жиі шиеленісуіне не себеп?

Денис Дживаганың айтуынша, азаматтық мәселесінің туындауына көбіне адамдардың өзінің ұқыпсыздығы себеп болады, олар құзырлы органдарға уақытында жүгінбейді.

Кейбірі заманында екі елдің арасында еркін жүре берді де, ал қазір қай елдің азаматы екенін растай алмай жүр. Мұндай адамдар органдарға жүгінгенде ондағы қызметкерлер де түрлі проблемаға кезігеді. Себебі заң қайшылығы бар, — дейді ол.

Әр елдің көші-қонға қатысты заңы әртүрлі. Мысалы, Қытай азаматтық беру мәселесіне тыңғылықты қарайды. Егер Қытайдан келген адам Қазақстанның азаматы болып тіркелгісі келсе, ол әуелі Қытайдың азаматтығынан бас тартуы керек. Ал Қытай «Қазақстанда азаматтық алады» деген анықтамасыз тіркеуден шығармайды. Қазақстан ондай құжатты бермейді.

Халықаралық тәжірибеде азаматтық алғыңыз келсе, басқа елден алдын ала шықпауыңыз керек. Мұндай процесс азаматтықсыз қалудан сақтайды. Босқындар туралы заңға өзгерту енгізу туралы Әділет министрлігіне де, Ішкі істер министрлігіне де ұсыныс жолдадық. Басқа елден бізге қажет құжатты талап ету де ыңғайсыз, әр елдің заңы әртүрлі. Проблема осында, — дейді БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары кеңсесінің маманы Шолпан Олжабаева.

Шолпан Олжабаева және Денис Дживага
Фото: Еңлік Сақтан

Мәселенің шешілмей келе жатқанына тағы бір себеп — мамандардың сауатсыздығы. Көп жағдайда көші-қон полициясы қалай жұмыс істеуді білмейтін көрінеді. Сонымен қатар Қазақстанда азаматтықты қайтарудың нақты стандарты қалыптаспаған.

Бізде көші-қон ісімен айналысатын мамандарды даярламайды, жұмыс істейтіндер — заң факультетін бітіргендер ғана. Біз олардың құқықтық сауатын жақсартуға көмектесеміз, тәжірибемізді бөлісеміз. Бірақ мұның өзі мәселені шешпейді. Бір жағынан, бізде азаматтық алудың нақты стандарты қалыптаспай тұр. Соның салдарынан адам бірнеше жыл сандалады. Жолға қойылса, 3-4 айда бітіруге болатын іс. Оның үстіне, елшілікке құжат тапсырғанда ақша төлеу керек. Ал азаматтығы жоқтардың жұмысқа тұрып, ақша табуы қиынға соғады, — дейді Денис Дживага.

Денис Дживаганың айтуынша, азаматтық алуға талаптанбайтындар да бар. Жоба мамандары көмектесуге дайын болғанымен кейбірі соңына дейін бармайды.

Азаматтық алғысы келгенімен құжат жинауға ерінетіндер бар. Кейде бүкіл құжатты жинап болғанда ол адам хабарсыз кетеді, еңбегіміз зая болады. Себебі кейбір құжат жарамсыз болып қалады да, оны қайта жинауға тура келеді. Егер проблема адамның өзінен болса, бірнеше рет қаражат жұмсай берген бізге де тиімсіз. Ең сорақысы – азаматтығы жоқ екенін қалыпты жағдай көретіндер бар. Қалада азаматтығы жоқ адамның өмір сүруі қиын, ал ауылда құжат қажет болмауы мүмкін. Жергілікті полиция бұл жағдайдан хабардар болса да, көбіне ештеңе істемейді, — дейді Денис Дживага.

Осы жылы маусым айында Мәжілісте Неке және отбасы кодексіне түзету енгізу мақұлданды. Бұл өзгеріс ата-анасының қандай елдің азаматы екеніне қарамастан барлық баланы тіркеуге мүмкіндік береді. Қазір осы мәселе Сенатта қаралып жатыр. Бюро мамандары келесі жылы халық санағы кезінде азаматтығы жоқтардың да толық тізімі жасалады деп үміттенеді.

IBelong кампаниясы аясында көмек алу үшін мына сілтемеге өтіп, өтініш білдіре аласыз немесе сайтта көрсетілген нөмірлерге хабарласуға болады. Жоба еліміздің жеті өңірінде жұмыс істейді. Халықаралық науқан 2024 жылға дейін азаматтықсыз жүрген адамдар мәселесін түгел шешуді көздейді.