Қазір ақпарат таратудың құрылымы өзгеріп, журналистика туралы білім алмаған тұлғалар да жеке ақпарат тарату құралдарын ашып жатыр. Сондықтан ақпаратты бұрынғыдай кәсіби журналистер ғана өндірмейді, қарапайым адамдар да жасай беретін болды. Сөйтіп жаңа медианың берген шексіз мүмкіндігі журналистік этиканың жиі бұзылуына әкеп соқты. Соның кесірінен қоғамда әртүрлі ғадауат тілі қалыптасты.

Ғадауат тілі — діни, ұлттық, мәдени және басқа да топтар өкілдері арасындағы пікірталастарда қарсыластардың бір-біріне сөзбен жеккөрініш білдіруі. Мұндай тіл қолданыстары расизмге, ксенофобияға, ұлтаралық жеккөрінішке, төзімсіздікке, гомофобия мен сексизмге себеп болады.

Сулейман Демирел университетінің профессоры қазіргі қоғам өндіріп отырған ғадауат тілін бірнеше топқа бөлді.

Ғадауат тілі түп-тамырын нәсілшілдіктен, тарихтан, мәдениеттен, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан алады.

Профессордың айтуынша, қазіргі қоғамда пайда болған ғадауат тілі сауатсыздықтан туған, яғни адам бұл нәрсенің өшпенділік туғызатын тіл екенін білмеуі мүмкін.

Facebook, Twitter сияқты әлеуметтік желі қолданушылары достарының ғадауат тіліне ортақ болып, бұл тілді қалыпты деп сипаттап, солай қабылдайды.

Ғадауат тіліне неге қарсы болуымыз керек? Соның нәтижесінде ғадауат қылмысы пайда болды. Кез келген геноцидтің ең түбінде жатқан нәрсе — ғадауат тілі, — дейді ол.

Молдияр Ергебеков жаңа медиадағы ғадауат тілін бірнеше категорияға бөледі.

  • Қазақтар мен Қазақстанда тұратын басқа этникалық топтар арасындағы ғадауат тілі. Бұл топтағы ең көп көзге түсетін дискурстардың бірі — «келімсек». «-сек» деген қосымша арқылы сөзге кемсіту мәнін беріп, адамның құлағын тырнайтын сөз. Профессордың айтуынша, өкініштісі — бұл сөзді Қазақстанның негізгі, мемлекеттік басылымдары әлі күнге дейін қолданады, тіпті, терминге айналып кеткен. Профессор оның орнына халықаралық сөздерді қолдануға кеңес берді.
  • Қазақша және орысша сөйлейтін азаматтар арасындағы ғадауат тілі. Бұл жерде ең көп кездесетін дискурстар: «мәңгүрт», «қараорыс», «орысқұл», «мәмбет» және тағы басқа. Кімнің қаншалықты керемет, нағыз қазақ екені жөнінде, кімнің керемет патриот екені туралы пікірталастар жиі болады. Осы кезде адамдар ғадауат тілі арқылы бөлінеді.
  • Дін және ғадауат тілі. Қазақстанның жаңа медиасында кімнің кімге қарағанда қаншалықты діндар екені туралы пікірталастар жиі кездеседі.

Араб исламы мен қазақ исламы деген түсінік бар. Бұл екі түсінік бір-біріне қарама-қайшы идеологиялар ретінде қабылданды. Олардың қақтығысы, әсіресе, хиджаб, әйелдердің басты жабу немесе жаппау мәселесі төңірегінде болады. Екі жақ та тарихтан дәлел табуға тырысады. Екеуі де тарихтан мысалдар келтіріп, суреттермен сөзін дәлелдеуге тырысады. Бірін-бірі «адасқан» деп кінәлайды. Осындай ғадауаттан исламофобия жылдан жылға өршіп жатыр, — дейді Молдияр Ергебеков.

  • Саясат және ғадауат тілі. Саяси тұлғалар жиі қолданатын ғадауат тілі бар. Ол, әсіресе, сайлау науқанынында қатты өршіп тұр. Медиазерттеуші мысал ретінде саясаткер, журналист Ермұрат Бәпидің президенттікке кандидат Әміржан Қосановты қолдайтындарды «тобыр» деп сипаттауын келтірді. Оның айтуынша, бұл да — ғадауат тілі.
  • Сексизм және ғадауат тілі. Молдияр Ергебеков діни қызметкер Ризабек Батталұлының әйелдерге қатысты айтқан «олар ерлерді тыңдамаса, ұру керек» деген сөзін мысалға келтірді.
  • Гомофобия және ғадауат тілі. Қазір өршіп тұрған проблемалардың бірі — ЛГБТ өкілдеріне бағытталған өшпенділік. Facebook қолданушысы «Лесбилерді кері қайтару операциясын қолға алу керек» деген.

Ол «кері қайтару» деп, зорлауды айтып отыр, сөйтіп зорлыққа үндеп отыр. Бұл — ғадауат тілі. Мұндай сөздер Қазақстан медиасында өте қалыпты нәрсеге айналды. Адамдар ЛГБТ өкілдерін күлкі қылады, — дейді Молдияр Ергебеков.

Оның айтуынша, жаңа медиа алаңында өшпенділік тілімен күресу керек.

Мектепте медиасауат пәнін енгізетін уақыт келді. Тіпті, уақыты өтіп бара жатыр. Сосын заңнамамызда ғадауат тілін нақты сипаттап, оған берілетін жазаны да нақтылау керек. Медиасауаттылық дегенде бізде фотоаппаратты үйрету, монтаж жасау сияқты техникалық білім-дағды деп қарайды, бұл жерде біз ағартушылықты, контентті ажырата білу, этиканы ескеру сияқты білімдерді айтып отырмыз, — дейді ол.

Еске салайық, Алматыда 30-31 мамыр күндері «InternetCA-2019 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы» аймақтық интернет-форумы өтті. Х форумның тақырыбы: «Цифрлық сауаттылық: кәсіби құзырет, қауіпсіздік және тұтыну». Медиажұртшылық алдында Қазақстан, Германия, Чехия, Ресей, Беларусь, Украина, Сингапур, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан сарапшылары баяндама жасады.