Жоба психикалық аурулары және ақыл-ой дамуында ауытқуы бар адамдардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсетеді, олардың қоғамға араласуына және өмір сапасының жақсаруына көмектеседі.

Әлеуметтік қызметкерлер, мүгедектер және еріктілер қауымдастығының төрағасы Гүлнұр Хәкімжанованың айтуынша, соңғы жылдары «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауымен Қазақстанның бірқатар үкіметтік емес ұйымы ақыл-ойының дамуы нашар адамдардың өмір сүру құқығын қорғайтын бірнеше жобаны жүзеге асырды.

Халықаралық тәжірибе зерттеліп, интернаттар жүйесін деинституциализация әдіснамасы дайындалды. Еліміз үшін оңтайлы болатын балама қызметтер үлгісі анықталып, апробациядан өтті. Ментал денсаулық саласында үкіметтік емес ұйымдардың бейресми коалициясы құрылды, — деді Гүлнұр Хәкімжанова.

Сорос-Қазақстан
Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Ментал денсаулық саласында үкіметтік емес ұйымдары коалициясының басшысы Алмагүл Сейсенованың айтуынша, Қазақстан 2015 жылы ратификациялаған БҰҰ-ның «Мүгедектердің құқығы туралы» конвенция бойынша ақыл-ой дамуында ауытқуы бар адамдардың жұмысқа орналасуына және олардың қоғамға толық араласуына ықпал ететін міндеттемені қолға алды. Ол психикасы мен ақыл-ой дамуында ауытқуы бар адамдар туралы жазғанда медиаресурстардың медиаэтиканы сақтай бермейтінін және енді осы мәселені шешуді қолға алу қажет екенін айтты.