Төменде үндеу мәтіні беріліп отыр:
Конституцияның 32-бабы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүддесі үшін заңмен шектелуі мүмкін. Осыған тектес қағида Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 21-бабында бекітілген. Осыны ескере отырып, Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының «Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заңымен регламенттелген.
Бас прокуратураның түсіндірулеріне қарамастан жекелеген адамдар, соның ішінде шетелден, сонымен бірге тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» («ҚДТ») экстремистік ұйымының жақтастары әлеуметтік желілерде ел тұрғындарын заңсыз митингілерге қатысуға шақыруды жалғастырып отыр.
Мұхтар Әблязовтың билікті күшпен құлатуға және басып алуға, әлеуметтік араздықты қоздыруға жария шақыруларына байланысты «ҚДТ» ұйымын сот оның қызметіне Қазақстанның барлық аумағында тыйым салып, экстремистік деп танығанына (Есіл аудандық сотының 13.03.2018 жылғы шешімі) назарыңызды аударамыз.
Осылайша «ҚДТ» экстремистік ұйымы бейбіт ұйым емес. Оның қызметіне қатысу ҚР Қылмыстық кодексінің 258-бабы («Экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де демберушілік») және 405-бабы («Экстремизмді жүзеге асыруға байланысты оның қызметіне тыйым салу туралы соттың шешімі бар ұйымның қызметіне қатысу») бойынша қылмыстық жауаптылыққа себеп болады.
Бұдан басқа, бұқаралық іс-шараны өткізуге рұқсат алғанға дейін оны ұйымдастырушының, сондай-ақ өзге де тұлғалардың бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте немесе өзге де ақпараттық желілерде оның өткізілетін күні, орны мен уақыты туралы жариялауға құқығы жоқ. Сонымен бірге олардың осы мақсатта парақшалар, плакаттар және өзге де осындай материалдарды дайындауға және таратуға құқығы жоқ. Аталған ережелерді бұзғандар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 3-бөлігі бойынша жауап береді.
Басқаша айтқанда, 2020 жылғы 22 ақпанда заңсыз акциялар ұйымдастыру мен өткізуге қатысты талапты бұзғаны үшін әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданады (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабы — «Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу»).
Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүрсе, онда кінәлі адамдар қылмыстық жауаптылыққа тартылады (Қылмыстық кодекстің 400-бабы — «Заңсыз акцияны ұйымдастыру немесе қатысу, егер олар елеулі залал келтірсе»).
Сонымен қатар ҚР 2019 жылғы 26 қарашадағы №273-VІ ҚРЗ заңымен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске 2019 жылғы желтоқсаннан бастап кәмелетке толмаған адамды заңсыз жария акцияларға тартқаны, сол сияқты оны қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделер мен қарсылық бiлдiрудiң нысандарында пайдаланғаны үшін жауаптылық енгізілгенін түсіндіреміз.
Осы құқықбұзушылық үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 128-бабының 2-бөлігі бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамау көзделген.
Осыған байланысты құқық қорғау органдары заңмен көзделген жауаптылық шараларын қабылдай отырып, кез келген адамның рұқсат етілмеген жария іс-шараларды ұйымдастыру немесе оған қатысу жөніндегі іс-әрекеттерінің жолын кеседі.
Бас прокуратура азаматтарды арандатушылыққа ермеуге, қолданыстағы заңнаманы мүлтіксіз сақтауға және заңсыз жария акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады.