Бас прокуратура: заңсыз шерулерге қатысқандар жауапқа тартылады

ҚР Бас прокуратурасы елімізде тыйым салынған ұйымдардың заңсыз акцияларына қатысқандардың жауапқа тартылатынын ескертті.

Ведомстваның баспасөз қызметінің хабарлауынша, құқық қорғау органдары бұдан әрі де осындай заң бұзушылықтарға жол бермейді және оларды болдырмау үшін заңмен көзделген шараларды қабылдайды. Бұған дейін Бас прокуратура елімізде заңсыз шерулерге қатыспауды бірнеше рет ескертті.

Бірақ жекелеген адамдар заңды талаптарға бағынбай, полиция қызметкерлерін арандатып, оларға шабуыл жасады. Жүргіншілердің, әйелдер мен балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Осыған байланысты, құқық қорғау органдары қоғамдағы тыныштықты сақтауға және азаматтарды қорғауға бағытталған шаралар қабылдады. Митинг кезінде арнайы құралдар қолданылған жоқ. Заң бұзғандар полицияға жеткізіліп, сот тәртібінде әкімшілік жауаптылыққа тартылды, — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Бас прокуратура заңсыз шерулер мен тыйым салынған ұйымдардың қызметіне қатысу Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 488-бабына, Қылмыстық кодекстің 400 және 405-баптарына сәйкес жауаптылыққа тартылатынын ескертті.