Көкжөтел көбіне балалар арасында жиі кездеседі. Ересек адамдар бұл ауруды сирек жұқтырады. Қысқа таяқша тәрізді бактерия баланың тынысалу органында өсіп-өніп, оның тұтынған заты арқылы сау балаға жұғады. Дәрігердің айтуынша, көкжөтел қатты асқынған жағдайда пневмонияға ұласуы мүмкін. Балаға ауа жетпей, дұрыс дем ала алмай қалады (апноэ).
Бала көкжөтелмен бір-ақ рет ауырады. Бір рет ауырғаннан кейін оның бойында төзімді иммунитет қалыптасады да, ауру қайталанбайды, — дейді дәрігер.
Аурудың инкубация кезеңі 7-10 күнге дейін созылады. Оның алғашқы белгісі — жөтел. Бала қатты жөтеліп, мұрынмен дем ала алмайды, ұйқысы бұзылады. Дене қызуы 38,5-39 градусқа дейін көтеріліп, тамаққа тәбеті болмайды. Баланың тілі аузына сыймай қалады, кейде кіші дәретін де ұстай алмайды. Дұрыс дем алмағандықтан ерні мен тырнақтары көгеріп кетуі мүмкін.
Көкжөтел тынысалу жолының шырышты қабатын тітіркендіріп, токсин бөледі. Салдарынан бронх бұлшықеті тарылып, ұстамалы жөтел дамиды. Мұндай кезде науқасқа витамині көп құнарлы тағам ішкізу қажет. Дәрігер белгілеген антибиотиктерді уақытымен ішкен абзал, — дейді маман.
Маманның айтуынша, қазіргі таңда көкжөтел жиі кездеспейді. Себебі аурудың алдын алу үшін балаға 5 айынан 14 жасқа дейін уақтылы екпе егіледі.
Көкжөтел бір жасқа дейінгі бала үшін қауіпті. Сол себепті көкжөтелге қарсы екпені мүмкіндігінше ерте жасатқан дұрыс, — дейді Зинура Сапабекова.
Көкжөтелдің қандай да бір белгісі байқалса, маман белгілеген емді ғана қолдану керек. Антибиотик көкжөтелдің бұлшықетті құрыстыру кезеңін кысқарта алмайды. Ол мұрын мен жұтқыншақта пайда болатын қоздырғышты ғана жояды. Антибиотиктің өзін дәрігердің рұқсатымен ғана қолдану керек.
Дәрігердің айтуынша, бала көкжөтелден емделіп жүрген кезде:
- оны таза ауада жиі серуендетіп, үйді үнемі салқындатып отыру керек;
- жөтелден соң баланың тынысы тоқтап қалса, онда оның басын төмен қаратып, саусақпен аузындағы шырышты алып тастап, одан кейін алақанмен арқасынан қағу керек;
- науқас бала салмағын жоғалтпас үшін оның құнарлы тамақтануын қадағалау керек.