Demoscope.kz қоғамдық пікір жедел мониторингі бюросы (Жобаны Қазақстандағы Конрад Аденауэр атындағы қор өкілдігінің қолдауымен Халықаралық MediaNet журналистік орталығы жүзеге асырады) 2019 жылдың 26-29 қыркүйегі аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар үш қалада 1 100 адамға сауал қойған.
Сауалнама стационар нөмірлеріне телефон қоңырауы арқылы жүргізілді. Оған жасы 18-ден асқан ерлер (47%) мен әйелдер (53%) қатысты. Таңдау негізі ретінде Қазақстан бойынша стационар телефон нөмірлерінің абонент базасы пайдаланылды. Сауалнаманың нәтижесі бойынша респонденттердің 43%-і митингілерді қолдайтыны, 16%-і қолдамайтыны, ал 41%-інің бейтарап екені немесе жауап беруге қиналатыны анықталды. Сауалнамаға қатысқандардың 46%-і бейбіт жиындардың қандай да бір оқиғаға немесе мемлекеттік шешімдерді қабылдауда ықпалы барын айтты, — делінген Demoscope.kz зерттеуінде.
Ал сауалнамаға қатысқандардың 40%-і митингілердің жағдайды тұрақсыз ететінін айтқан. Қалғаны (14%-і) жауап бермеген.
Респонденттердің 73%-і митинг өткізу — билікпен келісілуі керек деп есептейді. Ал 17%-і бұл пікірмен келіспейді. Қазақстандықтардың дамыған демократия жағдайында өмір сүрмегенін және азаматтар халықаралық құқық саласындағы стандарттармен таныс болмағандықтан мұндай көрсеткіштер қисынға келеді. Алайда наразылықты азаматтардың жігер танытуы ретінде қабылдау үрдісі эволюцияланып келеді. Ал азаматтар оның тиімділігіне көзін жеткізіп келе жатыр, — делінген зерттеу қорытындысында.