Қазақстандықтар жаңа Үкіметтен қандай өзгеріс күтеді?

Қазақстандықтар жаңа Үкіметтен жағымды өзгерістер күтпейді. Үкімет мүшелері көпшілігінің есінде қалмаған. Demoscope.kz қоғамдық пікір жедел мониторингі бюросы жүргізген сауалнамасының нәтижесі осыны көрсетіп отыр.

«ҚР Үкіметінің отставкаға кетуі» тақырыбындағы сауалнамаға Алматы, Астана, Шымкент пен 14 облыс орталығының тұрғындары арасынан 18 жастан асқан 1868 азамат қатысты. Олардың 70%-ы — әйелдер және 30%-ы — ер азаматтар. Іріктеу ықтималдығы 95%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қатесінің шекті мөлшері 1,2%-дан аспайды. Зерттеу әдісі — телефон арқылы жүргізілген сұхбат. Сауалнама 2019 жылы 26-27 ақпан күндері жүргізілді. Қатысушылар өз таңдауларына қарай сұрақтарға қазақ тілінде немесе орыс тілдерінде жауап берді.

Demoscope бюросы Үкіметтің күтпеген жерден отставкаға кетуі жайлы қазақстандықтардың ойын білді, сонымен қатар халықтың есінде қалған ең үздік және ең нашар министрдің кім болғанын да анықтады.  Сауалнамаға қатысқан азаматтардың көбі Үкіметтің ауысқанынан ауқымды өзгерістер күтпейді. Елде болған соңғы оқиғалар халықтың билікке деген сенімін әлсіреткені анық, — деп хабарлайды бюро мамандары.

Сауалнама барысында қатысушылардан естерінде жақсы сақталып қалған, елдің жаңа тарихындағы жұмысына ең адал және жақсы жұмыс істеген министрді атау сұралған.  Топ-үштікке Иманғали Тасмағамбетов, Бақытжан Сағынтаев және Кәрім Мәсімов кірді.

Мәдина Әбілқасымова, Ерлан Сағадиев және Қанат Бозымбаевтың есімдері «лайық емес» министрлер қатарында аталды.

Бюро сарапшыларының хабарлауынша, жалпы, мұндай антирейтингтерге халықпен тікелей жұмыс істейтін әлеуметтік блоктың министрлері кіреді. Мысалы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек сияқты жалпыхалықтық салалардан қарапайым адамдар үлкен үміт күтеді. Сондықтан бұл шенеуніктер халыққа бір қадам жақын жүреді. Ал аутсайдерлер қатарына Энергетика министрінің кіруі де мың құбылған мұнайға байланысты болуы әбден мүмкін.

Инфографика Үкіметтің отставкасы туралы сауалнама
Инфографика: Demos.kz

Респонденттердің 73%-ы Үкімет мүшелерінің ешқайсының атын есіне түсіре алмады. Небәрі 633 адам ғана бұл сұраққа нақты жауап берді.

Жүргізілген сауалнама қорытындысына қарағанда азаматтардың 66%-ы жаңадан жасақталған Үкіметтен жағымды өзгерістер күтпейді. Министрлер кабинетінің саяси ықпалының деңгейін төмен бағалайды.

Қызылорда, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстары тұрғындарының жаңа Үкіметтен күтер үміті үлкен (44%). Павлодар және Қарағанды облысынан қатысқан респонденттер (49,5%) жаңа команданың нәтижелі жұмыс істейтініне күмәнмен қарайды.

Қатысушылардың жартысы Президенттің Үкіметті отставкаға жіберуін халықтың наразылығының артуымен, өмір сүру деңгейінің төмендігімен байланыстырды. Респонденттердің 40%-ы Бақытжан Сағынтаевтың командасы жұмысын нәтижесіз атқарды деп жауап берді, яғни Мемлекет басшысының үміті ақталмады дейді олар. Сауалнамаға қатысушылардың 10%-ы бұл өзгерісті еліміздің саяси элитасындағы ауыс-түйістермен байланыстырды.

Сауалнама барысында «Экс-үкімет отставкаға кетуге лайық болды ма?» деген де сауал қойылды. Олардың үштен бірі Мемлекет басшысының шешімін толықтай қолдайды, олар өздеріне жүктелген міндеттерді толықтай орындай алмады деп санайды. 24% -ы «арасындағы біліксіздерін ғана орындарын алып тастауға болар еді» деген жауапты таңдады.

Респонденттердің 23%-ы өмір сүру деңгейінің төмендігіне жауапкершілік мемлекеттің мойнында ғана емес дейді. Олардың ойынша, «адамдардың өзі өмір сүру сапасын жақсартуға, жұмыс істеуге талпынбайды, заң бұзады».

Сауалнама алынғандардың 14%-ы «біздің елде көп нәрсе Үкіметке байланысты емес» деп жауап берген.

Жаңа жасақталған министрлер тобына деген сенім деңгейі — жағдайды бағалаудың ең маңызды индикаторы. Қатысушыларға «Жаңа Премьер-министр тағайындалып, оның жаңа кабинеті жасақталғаннан кейін елдегі жағдай өзгере ме?»  деген сұрақ қойылды.

Басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 40%-ы, билікке дәл сол адамдар немесе соларға ұқсас адамдар келеді, барлығы сол күйінше қалады деп жауап берді.

Қазақстандықтардың үштен бірі жаңа Премьер мен жаңа Үкімет қарапайым халықтың жағдайын жақсартады деп сенеді.

Қазақстанда Үкіметтің өзгеруі ештеңеге де әсер етпейді, біздегі жүйе солай қалыптасқан деген респонденттердің қатары — 26%. Зерттеу барысында респонденттер мемлекет көмегіне кімдердің, яғни халықтың қай бөлігінің мұқтаж екенін де атады.

Көпшілігі (41%) мемлекет бірінші кезекте көпбалалы отбасыларды қамқорлығына алуы тиіс деп санайды. 26%-ы мемлекеттік көмектің негізгі қабылдаушысы ретінде жастарды атады. Респонденттердің 12%-ы «қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек керек» деді. Бюджет саласының қызметкерлері, әсіресе, мұғалімдер мен дәрігерлер көмекке мұқтаж деп санайтындар —  9%.