Қазақстан Президенті BayWa AG компаниясының басқарма төрағасы Клаус Лутцпен, Rhenus SE&Co.KG компаниясының басқарма мүшесі Михаэл Виферспен және Reverse Logistics Systems GmbH компаниясының басқарма төрағасы Патрик Видеманнмен кездесті.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германияның ірі ауыл шаруашылығы компаниясының басшысы Клаус Лутц энергия көздерін қалпына келтіру және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру салалары бойынша бірлескен инвестиция жобаларын жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Германия бизнесімен арадағы тығыз әрі жемісті ынтымақтастықты дамытуға баса мән береді.
Біз Қазақстанда жел және Күн электр станцияларын көбірек салуымыз керек, бірақ тиісті инфрақұрылым жетіспейді. Сондықтан сіздің компаниямен тығыз серіктестік орнатуға ерекше қызығып отырмыз, — деді Президент.
Михаэл Виферспен әңгімелесу кезінде көлік-логистика саласы бойынша бірлескен инфрақұрылым жобаларын іске асыру мәселесі қаралды.
Неміс бизнесмені Қасым-Жомарт Тоқаевқа Нұр-Сұлтан мен Алматыда өкілдігі бар компанияның Қазақстандағы жұмысы және Қарағандыда үшінші өкілдіктің ашылуы туралы мәлімет берді. Компания еліміздің аумағында жаңа бірлескен көлік-логистика терминалын салуға және іске қосуға мүдделі.
Мемлекет басшысы мен Патрик Видеманн Қазақстанда бос ыдысты қайта айналымға жіберу жүйесін іске қосу туралы талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерін мемлекет жан-жақты қолдайтынын және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бар жағдай жасалатынын айтты.