ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Азаматтық қорғаныс туралы» заңдары бойынша Жамбыл облысындағы Қордай ауданы аумағында 2020 жылдың 8 ақпанындағы сағат 21.00-ден бастап жергілікті ауқымдағы техноген сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Төтенше жағдайды жою жетекшісі болып Бекболат Орынбеков тағайындалсын және оған осы шешімнен туындайтын тиісті шараларды жүргізу тапсырылсын, — делінген Жамбыл облысы әкімінің шешімінде.
7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болып, арты жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Көп ұзамай құқық қорғау органдары жағдайды тұрақтандырды. Оқиға салдарынан сегіз адам қаза тапты, әуелі 40-тан астам адам жараланғаны, кейін дәрігерлерге 137 адам көрінгені хабарланды. 30-дан астам үй, 15 сауда нысаны мен 20-дан астам автокөлік өртенген. Полицейлер 47 адамды ұстады, бұзақылық, кісі өлтіру, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру деректері бойынша қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Оқиға орнында Президенттің тапсырмасымен құрылған Үкімет комиссиясы жұмысқа кірісті. Полицияның мәліметінше, ауыл тұрғындары арасындағы төбелестің видеосы мен арандатушылардың жалған ақпараты әлеуметтік желілерде жылдам тарап, қақтығыстың ұлтаралық сипат алуына ықпал еткен. Жергілікті тұрғындардың бір тобы Қырғызстан аумағына өтпек болған.