Келешекте көлік құжаты мен дипломды телефоннан көрсетуге болады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев өткізген Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында осындай ұсыныс айтылды.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыста «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов мемлекеттік орган өкілдеріне азаматтар телефон қолданбасынан ала алатын құжаттар тізімін кеңейтуді ұсынды.

Бүгінде азаматтар eGov қолданбасынан өзінің жеке куәлігін көре алады. Егер өзімен бірге жеке куәліктің түпнұсқасы болмаған жағдайда қолданбадағы құжатты пайдалана алар еді. Дәл осындай принциппен диплом, жүргізуші куәлігі, техникалық төлқұжат және басқа да құжаттарды орналастыруға болады, — деді Әсет Тұрысов.

Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Асқар Жұмағалиев бұл идеяны жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдарды қолдауға дайын екенін айтты.

Біз мемлекеттік органдарға барынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Азаматтың барлық құжатының бір қосымшада орналасуы өте ыңғайлы болар еді. Осыған орай мемлекеттік ұйымдардың цифр құжаттарды түпнұсқамен тең дәрежеде қабылдау мәселесін шешу қажет, — деді министр.

«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ басқарма төрағасы Әсемгүл Балташева халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтар жеке куәлігінің түпнұсқасын ұсынбай-ақ, оны eGov қолданбасы арқылы көрсете алатынын айтты.

Комиссия отырысында жеке куәлікті онлайн ауыстыру қызметі туралы да айтылды. Қазір бұл қызметтің онлайн көрсетілмеуіне 80% жағдайда қолданушылардың сапасыз фото ұсынуы себеп. Асқар Жұмағалиев бұл мәселені шешу жолдарын «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірге пысықтауды тапсырды.

Айта кету керек, Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдаған шешімдер мен мемлекеттік органдар жүргізген жұмыс нәтижесінде 231 мемлекеттік қызмет автоматтандырылған. Соның арқасында азаматтардан талап етілетін құжаттардың орташа пакеті 30% азайып, қызмет көрсетудің орташа мерзімі 3 есе (31 күннен 10 күнге дейін) қысқарды.