— Қазір мемлекеттік қызметтің көбі онлайн форматта қолжетімді. «Азаматтарға арналған үкіметтің» соңғы жаңалықтары туралы айтып берсеңіз?

— Қазіргі таңда мемлекет көрсетуі керек 742 қызмет бар. Оның 634-ін корпорация атқарады. Оның ішінде 531 қызмет электрон үкімет порталында қолжетімді.

Мемлекеттік корпорацияның Алматы облысындағы филиалы үш жылда  10,7 миллион қызмет көрсетті. Оның 7 миллионнан астамы, яғни 71%-ы электрон форматта берілген. Онлайн қызметтерді пайдаланушылар қатары артып жатыр. Қазіргі кезде бір реттік пароль арқылы — 52 қызмет, Telegram-бот мобайл қосымшасы арқылы — 25 кызмет алуға болады. Қызметтерді мұндай форматта ұсыну азаматтардың уақытын үнемдеп, қажет анықтаманы үйде отырып алуға мүмкіндік берді.

Ермек Бекжүнісов
Ермек Бекжүнісов. Фото: Алматы облысының баспасөз қызметі

Ол үшін азаматтар кез келген фронт-офиске келіп, телефон нөмірі мен жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) азаматтардың мобайл базасына тіркеуі керек. Мgov арқылы әлемнің кез келген жерінен 80-нен аса қызмет түріне қол жеткізуге болады. Мысалы, тұрғылықты жері туралы, жылжымайтын мүлікке құқығы мен сотталғаны немесе сотталмағаны туралы анықтама және айыппұл, салықты оңай төлеу мүмкіндігі бар. Үш жылдың ішінде Алматы облысы бойынша 582 мыңнан аса адам азамат мобайл базасына тіркелген.

Telegram-бот арқылы мына қызметтерді алуға болады:

  • әлеуметтік мәртебені тексеруге;
  • базалық зейнетақы төлемінің көлемі туралы ақпарат алуға;
  • емханаға тіркелуге, дәрігерге жазылуға және дәрігерді үйге шақыруға;
  • халыққа қызмет көрсету орталығында кезекті броньдауға;
  • жақын жерде орналасқан ХҚКО туралы білуге;
  • бала тууға байланысты проактив қызметтерді алуға;
  • туу туралы куәлікке тапсырыс беруге;
  • бала туылуы бойынша жәрдемақыларды рәсімдеуге;
  • сәбиді балабақшаға кезекке қоюға және тағы басқа қызметтерді.

Кез келген азамат белгіленген команданы жолдап, SMS-кодпен растау арқылы анықтама мен қызмет туралы ақпаратты сұрата алады. Қажет ақпаратты қолданушының электрон поштасына жіберу мүмкіндігі де қарастырылған.

— Жақында аймақта миграциялық орталық ашылды. Бұл орталықтың қызметі қандай?

— Көші-қон қызметтерін көрсету орталығы өткен жылдың желтоқсан айында Іле ауданында ашылды. Онда еңбек мигранттары «бір терезе» қағидасы бойынша мемлекеттік қызметтерді алады.

Бұған дейін шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат алу үшін бес күн жүрсе, енді медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өту, сақтандыру полисін рәсімдеу және жеке сәйкестендіру нөмірін алу сияқты қызметтерді бір ғимаратта, бір сағаттың ішінде бітіреді.

— Композит қызмет азаматтарға қалай көмектеседі?

— Мемлекеттік  қызметтерді «бір терезе» қағидатымен бір жерде ұсыну азаматтардың бірнеше мемлекеттік органмен байланысын тоқтатып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға көмектеседі. Корпорация қызмет алуды одан әрі жеңілдету мақсатында проактив және композит форматқа көшті.

Композит қызмет – бір өтінішпен бірнеше мемлекттік қызметті алу. Қазіргі таңда корпорация көрсететін қызметтің 55-і 21 композит қызметке оңтайландырылды. Жаңа жоба азаматтар арасында кеңінен пайдаланылды. Әсіресе, аймақ тұрғындары жасына қарай зейнетақы төлемдерін тағайындау, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін және БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін бір өтінім бойынша тағайындау қызметін көп қолданады.

— Мүгедектігі бар азаматтарға қандай жағдай жасалған?

Біздің фронт-офисте мүгедектігі бар жандар үшін арнайы қызмет көрсету орындары бар. Онда пандус, шақырту қоңырауы орнатылған. I және II топ мүгедектігі бар азаматтар 1414  бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, ХҚКО қызметкерлерін үйіне шақыра алады. Азамат сол арқылы қажет мемлекеттік қызметіне тапсырыс беруіне болады.

Үш жылда мемлекеттік корпорацияның Алматы облыстық филиалы арқылы мүгедектігі бар екі мыңнан астам азаматқа қызмет көрсетілді.

Сөйлеу және есту қабілеті бұзылған тұлғалар да ерекше назарда. Бұл топтағы азаматтар онлайн режимде сурдоаударма арқылы ымдау тілінің кәсіби маманымен арнайы қосалқы монитор арқылы байланысып, ым-ишарат тілінде тілдесіп, қажет құжатын ала алады. Бүгінде филиалда сурдоаударма тілін меңгерген 80-нен астам  маман мен мүгедектігі бар 55 адам жұмыс істейді.

— ХҚКО-лар тағы қандай қызмет көрсете алады?

— Мемлекеттік корпорацияның халыққа қызмет көрсету орталығы ғана емес, басқа да салаларды қамтитынын тұрғындардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Оның қызметінің басты бағыттарының бірі — жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық зерттеу саласы.  Қызмет алу үшін қажет құжат пен қызмет көрсету мерзімін қысқарту мақсатында бірнеше сәтті пилоттық жоба іске қосылды. Сонымен бірге жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру рәсімдері оңайлатылып, жер учаскелерінің кадастрлық құнын анықтау бойынша қызмет алу уақыты едәуір қысқарды. Жалпы мемлеттік корпорация 26 жер-кадастрлық монополиялық қызмет пен жерге орналастыру жұмыстарының 11 түрін көрсетеді. Бұдан басқа, «Азаматтарға арналған үкімет» өткен жылдың шілде-желтоқсан айларынан бастап жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және жылжымалы мүлік кепілін тіркеу саласында 12 қызмет көрсете бастады. Сонымен бірге корпорацияның құзыретіне әлеуметтік төлемдерді есептеу мен жәрдемақы тағайындау бойынша қызметтер де кіреді.

— «Азаматтарға арналған үкімет» қазақстандықтарды алдағы уақытта қандай жаңалықпен қуантады?

— Мемлекеттік корпорация алғашқылардың бірі болып саусақ ізі арқылы қажет анықтаманы алуға болатын қызметті енгізді. Алдағы уақытта ешқандай төлқұжатсыз, бір ғана саусақ ізімен 50-ден аса анықтаманы алуға мүмкіндік болады. Пилоттық жоба өткен жылы желтоқсанда Нұр-Сұлтан мен Алматыда іске қосылды. Қызылордада жалғасқан жоба күзге қарай бүкіл облысты қамтиды.

Сұхбатыңызға рақмет!