Мемлекеттік қызметтерді проактив түрде көрсету қаншалықты тиімді?

Бүгінде мұндай тәсіл арқылы баланың туу туралы куәлігін алу, оны мекенжай тіркеуіне қою, зейнеткерлікке шығу және «Алтын» және «Күміс» алқа иелеріне жәрдемақы тағайындау қызметтері қолжетімді. Жақында онда асыраушысынан айырылған, жұмыссыз қалған азаматтар мен жүктілік және босануға байланысты жәрдемақы тағайындау қызметтері қосылды.

Азаматтар құжатын онлайн рәсімдеу тәжірибесі шетелде жақсы дамыған. Бірқатар елде жаңа туған сәбидің жеке куәлігін Egov.kz электрон порталына ұқсас ресурс арқылы алуға болады. Мысалы, Ресейде Gosuslugi.ru порталы арқылы құжатқа тапсырыс беру үшін баланың ата-анасының жеке куәлігі мен неке куәлігін қоса беруі тиіс болса, Қырғызстанда баланы тіркеу үшін өтініш толтыру жеткілікті (E.gov.kg). Беларусь пен Өзбекстанның электрон үкімет порталдарында жеке куәлікке тапсырыс беру қызметі мүлде жоқ. Қазақстанда электрон үкімет порталы арқылы баланың жеке куәлігін және оның көшірмесін де алуға болады. Бала тууға қатысты проактив қызмет енгізді. Қызмет «Азаматтарға арналған үкімет», «Ұлттық ақпарат технологиялар» мен азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының бірлескен жұмысы нәтижесінде 2017 жылғы 28 желтоқсаннан бастап іске қосылды. Sms-тің көмегімен қызмет алуға мүмкіндік берген жоба ТМД елдері арасында еш баламасы жоқ жүйеге айналды.

Бала өмірге келген кезде ата-анасына «Баланың туу туралы куәлігін проактив түрде рәсімдегіңіз келе ме?» деген sms жолданады. «Иә» деген нұсқаны таңдағандар Халыққа қызмет көрсету орталығына тек дайын құжатты алу үшін барады. Бұрын сәбидің жеке куәлігіне өтініш беру үшін ата-ананың бірі бала дүниеге келгеннен кейін үш күн ішінде Халыққа қызмет көрсету орталығында өтініш беріп, кейін ол дайын болғанда алып кету үшін қайта беруы керек еді. Ал қазір анасы баланың құжатын ғана емес, жәрдемақыcын алып, балабақша кезегіне тұрып, мекенжай тіркеуін де жасата алады. Осы күнге дейін проактив арқылы 73 мың баланың туу туралы куәлігі жасалса, 22 мың бөбек балабақша кезегіне тұрғызылып, 14 мың адамға жәрдемақы рәсімделген.

Проактив қызметтер әлеуметтік төлемдердің тағайындалуына байланысты. «Азаматтарға арналған үкімет» пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Алтын» және «Күміс» алқа иелеріне награда беру туралы шешім қабылданған соң, жәрдемақының автомат түрде тағайындалуын ұсынатын sms-і бар қызметті іске қосты. Бұдан кейін қарттарға да SMS арқылы зейнеткерлікке шығуды ұсынатын хабарламалар жолдана бастады. Алғашында ол «Азаматтарға арналған үкіметтің» көмегіне жүгінген  зейнеткерлерді ғана қамтыса, болашақта зейнет жасына толатын барлық азамат үшін қолданылуы мүмкін.

Проактив қызметтер легі жақында түрлі әлеуметтік жағдайға ұшырап, тұрақты табысынан айырылғандар үшін жәрдемақыны бірден тағайындау бойынша үш бірдей қызметпен толықты. Болашақта осы тәсіл арқылы мүгедектікті рәсімдеу қызметін қосу пысықталып жатыр.

Елімізде әлеуметтік жәрдемақы қандай да бір кіріс көзінен, уақытша жұмыс істеу қабілетінен айырылғандарға беріледі. Мемлекет қамқорлығына алған азаматтардың өмірін жеңілдетіп, ХҚО-ға мүлде бармауын ойластырып, азаматты өзі іздеп табатын проактив қызметін іске қостық. Телефонға жолданатын бір ғана sms қаншама жол мен уақыт шығынын үнемдейді, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.

Бұған дейін мемлекеттік қызмет көрсету тәртібіне енгізілген өзгеріс туралы жазылған еді.