Орал әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, балабақша ауылдық округтегі №14 жалпы орта білім беретін мектеп жанынан бой көтерген. Шағын орталықтың лентасын Орал әкімі Абат Шыныбеков пен ардагер мұғалім Балғаным Сұлтанова қиды.
Мұнда ойын және жатын бөлмелері, мәжіліс залы, спортзал, әдістемелік кабинет, медицина бөлмесі, изолятор, тамақ пісіретін орын бар. Бақшада бүлдіршіндер жас ерекшелігіне қарай төрт топқа бөлінген. Ғимарат іші жиһаздармен, соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Қала әкімі ауылдық округ тұрғындарын көптен күткен қуанышымен құттықтады.
Биыл қала бойынша мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын кеңейтуді қолға алып отырмыз, қазір бос тұрған ғимараттарды халық игілігіне бейімдеуді жалғастырамыз. Қаламызда осындай бірнеше балабақша ашылады. Жақында орталықтан бұрын балабақша болған, кейін басқа мақсатта жұмыс істеген ғимаратты қайтадан бейімдеп, жеке инвестицияны тарту арқылы 280 орындық тағы бір балабақша ашқалы отырмыз. Мұның барлығы мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бүлдіршіндеріміз заманға сай тәлім-тәрбие мен сапалы білім алуы үшін жүзеге асырылып жатыр. Құрметті ата-аналар, бұрын балаларыңызды мектепке апарып жүрдіңіздер, енді, міне, бүлдіршіндерге арналған балабақша бөлек ғимаратқа ие болды. Бұл балабақша үлкен тәрбие орталығына айналып, одан түлеп шыққан балалар елдің бетке ұстар азаматы болуына тілектеспін! — деді Абат Шыныбеков.
Әкімдіктің мәліметінше, қазір Оралдағы мектепке дейінгі ұйымдарда 15 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Қалада жалпы 135 балабақша бар, оның 50-і мемлекеттік, 50-і жекеменшік, қалғаны шағын орталық ретінде жұмыс істейді.