Абат Шыныбеков Орал әкімі болып тағайындалды

Оралға жаңа әкім тағайындалды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы əкімінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі қызметінің Facebook-парақшасы хабарлады.

Мұрат Мұқаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР Президенті Әкімшілігі және Орал мәслихатының келісімімен ротация бойынша Орал әкімі болып Абат Абайұлы Шыныбеков тағайындалды, — делінген хабарламада.

Абат Шыныбеков 1973 жылы дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын ауыл шаруашылығын механикаландыру, «Еуразия» Батыс Қазақстан менеджмент және тілдер институтын экономика және менеджмент, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін ақпараттық жүйелер мамандықтары бойынша бітірген. Техника ғылымдарының магистрі. 

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының әкімі аппаратында маман, бас маман, бөлім меңгерушісі, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратында бас маман, бас инспектор, Қазталов ауданының әкімінің орынбасары, Орал әкімдігінде бөлім бастығы, әкім кеңесшісі, Nur Otan партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Орал мәслихатының хатшысы, Сырым ауданының әкімі қызметтерін атқарған.

2017 жылдың маусым айынан бастап Қазталов ауданының әкімі болды.