Төтенше жағдайлар комитеті ауа райы жайсыз болатынын ескертті

Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің басшысы Владимир Беккер ел азаматтарына осыны ескертті.

Бүгін таңертең Павлодар, Алматы, Маңғыстау облыстары және Алматы мен Шымкенттен басқа 13 өңірде ескерту жарияланды. Автожолдардың 23 учаскесі сағат 08.00-ге дейін жабық болды, оның 13-і — республикалық маңызы бар жол. Қазір республикалық маңызы бар барлық учаске ашық, бірақ «Қазгидрометтің» алдағы аптаға жасаған болжамы көңіл көншітпейді, — деді Владимир Беккер Үкімет отырысының кулуарында.

Төтенше жағдайлар комитеті басшысының мәліметінше, алдағы күндері көлік жолдарында боран мен көктайғақ салдарынан жағдай қиындайды.

Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жаңбыр жауды, яғни бұл — автожолдарда көктайғақ деген сөз. Жол және төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режиммен жұмыс істеп жатыр. Республикалық дағдарыс орталығында ұйымдастырылған штаб әлі жұмыс істейді. Біз Ақмола облысында төтенше жағдай жариялаймыз деп отырмыз. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарында да жағдай айтарлықтай қиын, — деді комитет төрағасы.

Владимир Беккер Нұр-Сұлтанда төтенше жағдай режимі біраз күн тұратынын айтты.

Режим алып тасталмайды, себебі климат ахуалы айтарлықтай күрделі, 4-5 ақпанда ескерту жарияланды. …Біз көшеге қар өте көп түскенін, аулалар тазартылып бітпегенін көріп отырмыз. Алдағы бейсенбі мен дүйсенбі аралығында қар жауады, яғни жағдай тағы нашарлауы мүмкін, — деді ТЖК басшысы.

Қазіргі кезде қар мол түсуіне байланысты Нұр-Сұлтанмен бірге Шығыс Қазақстан облысының екі ауданында да төтенше жағдай режимі енгізілген.

Еске салайық, Нұр-Сұлтанда төтенше жағдай қаңтардың 27-сінде жарияланды.