Қарлы боран: Нұр-Сұлтанда төтенше жағдай режимі енгізілді

Нұр-Сұлтанда төтенше жағдай жарияланды. Tengrinews.kz тілшісінің хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты тағы алты өңірде осындай режим енгізілуі мүмкін.

Нұр-Сұлтанда бүгіннен бастап төтенше жағдай режимі енгізілді. Түнгі және ертеңгі ауа райына қараймыз. Егер боран басылмаса, ертең де төтенше жағдай режимі болады. Төтенше жағдай режимі жабылған кезде ол туралы хабарлаймыз, — деді Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ақмарал Олжабаева.

Қала әкімдігі жергілікті компанияларға жұмыс уақытын қысқартуға кеңес берді. Коммуналдық қызметтер, полиция мен дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істей береді. Ал мектеп пен колледж оқушылары үшін сабақ болмайды.

Бізде Нұр-Сұлтан бойынша төтенше жағдай жарияланды, ол әділет басқармасында тіркелді. Қазіргі кезде алты өңірде төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысына дайындық болып жатыр. Ең әуелі Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары бар. Бұл өңірлерде елді мекендерді қамтамасыз ету қиындаса, төтенше жағдай жарияланады. Төтенше жағдай режиміне өмірді қамтамасыз ету, адамдарды тұрғылықты мекенжайы мен жұмысына дер кезінде жеткізу, сонымен бірге азық-түлікпен және медицина қызметімен қамтамасыз ету ісінің қиындауы себеп болады, — деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин.

Еске салайық, Нұр-Сұлтанда өткен аптадан бері қарлы боран соғып тұр. 23 қаңтар күні азаматтық қорғаныс қызметкерлері қалада төтенше жағдай жариялауды ұсынған еді.