Сымбат Жұлдызбай — әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 3-курс студенті. Ол Жеңісбек деген ағасымен, Қымбат есімді әпкесімен бірге 3 жасынан Тараздағы Қабылбек Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінде тәрбиеленген. Үшеуі балалар үйіне 2003 жылы түскен кезде мекеме басшылары бауырлардың ата-анасын іздестіргенімен нәтиже болмаған.

Ата-анам шарасыз болған шығар. Балалар үйінде бізге жақсы қарайды деген үмітпен қалдырған болуы да мүмкін. 12 мүшемді сау қылып өмірге әкелгеніне, қоқысқа немесе тағы басқа жерге тастамай, балалар үйіне қалдырғанына рақмет айтамын, — дейді ол.

Сымбат ата-анасын бір рет болса да, көргісі келеді.

Балалар үйінен кеткеннен кейін біз оларды іздемедік. Кейде «Қайда, не істеп жүр екен? Қандай адамдар?» деп ойлаймын. Егер табылып, кездесіп жатсақ, не айтарымды да білмеймін, — дейді Сымбат.

Сымбат Жұлдызбай
Сымбат Жұлдызбай. Фото: Айгүл Хожантаева

Балалар үйінде жүргенде біраз отбасы Сымбатты аға-әпкесімен бірге асырап алғысы келген, бірақ бауырлардың үлкені балалар үйінде қалғанымыз дұрыс деп шешіп, бас тартыпты.

Балалар үйінде бар жағдайымыз жасалды. Қарнымыз тоқ, киіміміз бүтін болды. Бірге ойнайтын достар да бар. Тәрбиешілер де қамқор. Ауырсақ, медбике қасымызда болды. Сондықтан осындай үлкен отбасында тәрбиеленгеніме шүкір деймін. Далада қалып, кішкентайымнан қайыр сұрап жүруім мүмкін еді ғой, — дейді ол.

Сымбаттың айтуынша, балалар үйі мен ондағы адамдардың қатыгездігі туралы жиі айтылатын пікірлер жалған. Керісінше, көбіне бала мұндай мекемеге келмей тұрып қатыгез болады. Себебі оған бүкіл әлем бөтен сияқты көрінеді.

Балалар үйіне есін білгенде келгендердің біраз уақыт күйзеліп, жаңа ортаға бейімделе алмай жүретінін көп байқадым. Олармен психологтар жұмыс істейді. Тәрбиешілер өзіне тартып, мейірімін көрсетеді, үйірмелерге қатыстырады, — дейді Сымбат.

Сымбат Жұлдызбай
Фото: Айгүл Хожантаева

Ол ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға қайырымдылық жасаймын деп артық кететін адамдарға ренішін білдірді.

Бір кісілердің балалар үйіне баруды ақылдасып жатқанын көрдік. Сонда бір адам ортақ чатқа «Үйдегі керек емес заттың бәрін алып шығыңдар» деп жазыпты. Бірде балалар үйіне жыртылған, мүлдем киюге жарамайтын киім алып келді. Киілген киім болса, ештеңе демеймін. Қайырымды адамдарға рақмет. Тек олар біздің жағдайымыз туралы жаңсақ ойламаса екен. «Жетім», «жетімдер үйі» деп айтса да, көңілімізге келеді. Біз жетім болып қалмадық. Жағдайымыз кейде басқалардан жақсы. Тәрбиешілер туған анамыздай болып кетті, — дейді Сымбат.

Сымбат Жаңа жылды балалар үйіндегі анасы Рәбиға Көшербаеваның отбасымен бірге қарсы алған. Рәбиға Көшербаева 13 жасынан бастап тәрбиелеген 10 оқушысын өз қызындай көреді. Алматыға оқуға тапсырғанда да ол Сымбаттың қасында жүрген.

Апаның туған күнінде қыздармен «Ана, сені Меккеге апарамын» деген әнді айтып беретінбіз. Ол бізге шын жанашыр ана болды. Ауырып қалсам, мен жақсы көретін нәрсені алып беретін. Апамды айтсам, жылай беремін. Себебі алғысым шексіз, жақсы көремін. Меккеге апарғым келеді, — дейді ол.

Сымбат Жұлдызбай
Сымбат Жұлдызбай. Фото: Айгүл Хожантаева

Тараздағы өзі өскен балалар үйіне ол әр каникул сайын барып тұрады. Сонда байқағаны — қазір ата-ана қамқорынсыз қалған балалар аз. Дегенмен Сымбат балалар үйі жабылғанын қаламайды.

Тәрбиешілердің айтуынша, баласын тастап кететіндер аз, асырап алатындар көп. Баланың жағдайы болмай, аш-жалаңаш жүргенінен оның көппен тәрбиеленгені дұрыс шығар. Балалар үйі бәрібір керек. Балалар үйінде бос уақытымыз болмайтын. Сабақтан кейін бөлмемізді жинаймыз, үйірмелерге барамыз, әйтеуір уақытты тиімді пайдаланатын едік. Спортпен де айналыстық. Қазір сол режимді сағынамын. Студент болып, жатақханаға келіп режим бұзылды. Бірге өскен достарымның көбі басқа қалада, — дейді ол.

Сымбат Жұлдызбай
Сымбат Жұлдызбай. Фото: Айгүл Хожантаева

Сымбат келешекте радиода жұмыс істеп, фильмдерге дубляж жасағысы келеді. Ең басты арманы — бала тәрбиелеу.

Болашақта отбасын құрып, ана болғым келеді. Балаларыма өзім үшін арман болған ата-ана мейірімін  берсем деймін. Олардың ештеңеден қиналмағанын қалаймын, — дейді Сымбат.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!