Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Мемлекеттік хатшысымен кездесті

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде Мемлекет басшысы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған кезден бері екіжақты ықпалдастықты дамытуда мол табысқа қол жеткенін айтты.

Америка Құрама Штаттары — Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған ел. Біз бұл тарихи фактіні үнемі есімізде ұстаймыз. Мемлекеттеріміз арасында көп бағыт бойынша, оның ішінде ядро қаруын таратпау, халықаралық терроризммен күрес және экономикалық ынтымақтастық сияқты салаларда тығыз қарым-қатынас орнаған. Сонымен қатар өзара ықпалдастығымызды одан әрі дамыту мақсатында пайдалануға болатын әлеуетіміз де бар, — деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркта өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы кезінде АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездескенін айтып, оған сәлем жолдады. Қазақстан Президенті Америкадағы әріптесімен енді Қазақстанда кездескісі келетінін айтты.

Тараптар барлық бағыт бойынша, оның ішінде сауда, инвестиция, IT, демократия құндылықтарын ілгерілету және халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл салаларындағы екіжақты байланыстарды тереңдету мәселесін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Ауғанстан бойынша арнайы өкіл лауазымын ашуға ниетті екенін айтты.

АҚШ-тың сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан Президентіне қонақжайлығы үшін алғыс айтты, оның пікірінше, екі ел экономика, халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау бағыттарында дәстүрлі әрі сенімді серіктестік қалыптастырды.

Экономикалық байланыстарымыз өте жақсы. Екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Энергетика бағытындағы ынтымақтастықпен бірге басқа да салалардағы байланыстарды өркендетуге әлеуетіміз зор. Президент Дональд Трамп сізге сәлем жолдады. Бүгін осында өзіңізбен кездескеніме қуаныштымын, — деді Майк Помпео.

Америка дипломаты Қазақстан «Жусан» операциясы аясында Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан азаматтарын қайтарып алғанын және еліміздің Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға, оның экономикасы мен адами әлеуетін күшейтуге қосқан үлесін жоғары бағалады. Сонымен бірге ол елімізде қолға алынған саяси реформалардың сәтті іске асуын тіледі.

Кездесуде Майк Помпео Американың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясының негізгі ережелері туралы мәлімет берді. С5+1 (Орталық Азиядағы бес ел + АҚШ) форматы маңызды екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев бұл диалогтың 3 ақпанда Ташкентте өтетін кезекті отырысы табысты болатынына сенім білдірді.

Қазақстан Президенті мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы екі ел арасында Әуе қатынастары туралы үкіметаралық келісімге қол қойылғанын құптады. Бұл құжат «ашық аспан» қағидатына жауап береді және Қазақстан мен АҚШ арасында тұрақты әрі тікелей әуе рейсін ашуға құқықтық негіз қалады.

Айта кетейік, Қазақстанға сапары барысында Майк Помпео еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен келіссөз жүргізді. Сонымен бірге Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен де кездесті.