АҚШ Мемлекеттік хатшысы әуелі Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесті. Майк Помпео АҚШ Қазақстанның елдерді іскерлік қарым-қатынас үшін таңдау құқығын қолдайтынын айтты.

Дегенмен Америка компанияларымен арадағы әріптестік кез келген ел үшін ең жақсы нәтиже беретініне сенімдімін. Бұл өте жақсы мәмілелер жаңа жұмыс орындарын ашады, келісімшарттарды таза етеді, теңдесі жоқ міндеттемелер жұмыс сапасын арттырады. Америка жүйесі осылай жұмыс істейді. Мен Қазақстанның Ирак пен Сириядан содыр-террористер мен олардың отбасын елге қайтарудағы көшбасшылығын айтып жүрмін, тағы айтамын. Сот төрелігі мәселелеріндегі міндеттемелеріңіз басқа елдерді де сондай іс істеуге қанаттандырады деп үміттенемін. Терроризм мен ислам экстремизмі мәселелерін шешу жөніндегі ынтымақтастық саласындағы С5+1 прогресін ерекше атап өтуге рұқсат етіңіз. Қазақстанның бұл топтағы көшбасшылығы оның міндеттерін орындауға мүмкіндік береді, — деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы.

Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Мұхтар Тілеуберді АҚШ ең ірі инвестор екенін және оған Қазақстан тәуелсіздігі мен егемендігіне жүйелі қолдау көрсетіп жатқаны үшін зор ілтипатын білдіретінін айтты.

Қазіргі таңда біздің ынтымақтастығымыз XXI ғасырдағы Қазақстан мен АҚШ-тың кеңейтілген стратегиялық әріптестігі мәртебесіне ие. Бұл деңгейге біздің көшбасшыларымыз ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамптың Вашингтондағы 2018 жылғы келіссөзінің қорытындысы бойынша қол жетті. Нұр-Сұлтан мен Вашингтон саяси қатынастар, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара ынтымақтастық, қауіпсіздік және халықаралық терроризмге қарсы күрес, қару таратпау мен қарусыздану, адам құқықтары мен діни бостандық және басқа да салаларда өзара ынтымақтастықты дамыту бойынша әртүрлі деңгейде сапалы диалог жүргізіп жатыр, — деді Мұхтар Тілеуберді.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Майк Помпео мен Мұхтар Тілеуберді кездесуі барысында шарттық-құқықтық базаны жаңа келісімдермен толықтыруға, экономикадағы ынтымақтастықты одан әрі әртараптандыруға және өңірлік форматта АҚШ-пен өзара ықпалдастықты нығайтуға назар аударылған. Жуырда Қазақстан мен АҚШ арасында «ашық аспан» туралы келісімге қол қойылды. Ол екі елге тікелей әуе қатынасын ашумен бірге сол құжатқа қатысатын Қазақстан әуе компаниялары мен әуежайлары үшін қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттарын енгізуге мүмкіндік береді.

Қазақстан мен АҚШ-тың сыртқы саясат басшылары экономика санкцияларынан Қазақстанның заңды және жеке тұлғаларын қорғау мәселесін де талқылаған.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының сапары кезінде Қазақстан Қытайда коронавирус инфекциясының үлкен ошағына айналған Уханьнан еліміздің 83 азаматын эвакуациялаған еді. Майк Помпео осыған қатысты пікірін айтты.

АҚШ Қазақстанға коронавирусқа қатысты мәселені шешуге көмектесу үшін не істеп жатқаны туралы бірнеше сөз айтайын. Кешегі күннің кешінде ауру болуы мүмкін 46 жағдайға қатысты зерттеу жүргізіліп жатты, Қазақстанның вирустың таралуын тоқтатуға бағытталған жылдам реакциясы таңғалдырды. Қытаймен арадағы шекара 1800 шақырымнан асатыны алаңдаушылық туғызатыны сөзсіз. Сіздің елде Ауруларды болдырмау мен бақылау жөніндегі орталығымыз бар, біз болуы мүмкін ауру жағдайларына мониторинг жүргізіп жатқан ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне көмектесеміз. Халықаралық стандарттар бойынша анализ жүргізу үшін тәжірибемізді, зертхана материалдарын беріп жатырмыз. USAID арқылы зертхана қызметкерлері мен медицина жұмысшыларына арналған жеке қорғаныс құралдарын беріп отырмыз. Вирустан зардап шеккен Америка азаматтарына көмек беруге және Қазақстандағы достарымыздың осы проблеманы шешуіне қолдан келгеннің бәрін істейміз, — деді Майк Помпео.

Мұхтар Тілеубердімен кездесуде Құрама Штаттар Мемлекеттік хатшысы Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы қазақтар мен ұйғырларға қатысты жағдай туралы мәлімдеме жасады.

Адамның негізгі құқықтарын қорғау ұлттың рухын анықтайды. Біз адам саудасы мәселелері мен Қытайдың Қазақстанмен шекарасы маңындағы Шыңжаң тәрбиелеу лагерьлерінде отырған миллиондаған мұсылман ұйғыр мен қазақтың ауыр тағдыры туралы талқыладық. АҚШ барлық елді бұл репрессияны тоқтатуға қосылуға және соны талап етуге үндейді. Біз Қытайдан шыққан босқындарға қауіпсіз пана беруге үндейміз, — деді Майк Помпео.

Майк Помпео туыстары Қытайда қамауда отырған азаматтармен кездесті
Фото: Twitter.com/SecPompeo

Нұр-Сұлтанда болған кезінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Twitter-де Қытайда туыстары қамауда отырған азаматтармен кездескенін жазды.

Шыңжаңда қамауда және бейтараптау лагерьлерінде отырған Қытайдағы этникалық қазақ және басқа да азшылық өкілдерінің отбасыларымен кездестік. Қытайдан келген мұсылман азшылық өкілдерін кері қайтармай, олардың тағдырына бейжай қарамаған және пана іздегендерге қорған болған Қазақстанға алғыс айтамын, — деп жазды Майк Помпео.

Сонымен бірге ол әлеуметтік желіде АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің жұмысымен танысқанын, 2020 жылы екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыра түсу керек екенін мәлімдеді.

Бейбітшілікке, гүлдену мен қауіпсіздікке деген ортақ ұстанымымызға негізделген АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық қарым-қатынастың маңызын растау үшін Нұр-Сұлтанға келуім орынды. Мен сауда, инвестиция және екі ел арасындағы байланыстарды кеңейту мәселелерінің талқылануын асыға күтемін. Елші Уильям Мозер мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі, Америка халқының атынан Орталық Азияның барлық өңірінде АҚШ мүддесін ілгерілету үшін жұмыс істей беріңіздер. Бүгін талантты командамызбен жеке кездесіп, алғыс айта алғаныма қуаныштымын. #OneTeamOneMission, — деп жазды Мемлекеттік хатшы.

Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде Майк Помпео оған Дональд Трамптың сәлемін жеткізіп, Американың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясының негізгі ережелері туралы мәлімет берді. Мемлекеттік хатшы Дональд Трамптың сәлемі мен жылы лебізін Нұрсұлтан Назарбаевқа да жеткізді.

Мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Қазақстанның Сыртқы істер министрімен маңызды кездесулер мен келіссөздер өткіздім. Сіз Америка Құрама Штаттарының бұрыннан келе жатқан досысыз. Елдеріміздің арасында өзара тиімді серіктестік қалыптасқан. Қазақстандағы оң өзгерістер Сіздің жеке еңбегіңіз деп білемін. Елдің даму деңгейі де мені тәнті етті, — деді Майк Помпео.

Майк Помпео мен Нұрсұлтан Назарбаев
Майк Помпео мен Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: Elbasy.kz

Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің стратегиялық серіктестігін нығайтуға бағытталған шаралар туралы айтты.

Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде біз Chevron компаниясымен келісім жасадық. Осы сәттен бастап Қазақстанға Америка инвестициясы келді. Бүгінгі таңда бізде 410 бірлескен кәсіпорын бар. Америка инвестициясының көлемі 45 миллиард доллардан асты, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Нұр-Сұлтаннан бұрын Беларусь пен Украина астаналарында болды. Қазақстаннан соң Өзбекстанға аттанды. Ташкентте АҚШ пен Орталық Азиядағы бес мемлекеттің сыртқы саясат ведомствосы басшыларының кезекті отырысы өтеді.