Нұрсұлтан Назарбаев Парламент ролін арттыру қажет екенін айтты

Нұрсұлтан Назарбаев депутаттар азаматтардың сұранысына уақытылы жауап беруді жалғастыруы қажет екенін айтты.

Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, етене жұмыс істеу қажет. Бұл — партияның, барлық деңгейдегі депутаттардың міндеті, біздің ортақ парызымыз, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, экономикалық өсімге қол жеткізу және халықтың әл-ауқатын арттыру үшін атқарушы және заң шығарушы билік, Парламент пен партия бірлесе жұмыс атқаруға тиіс. Тұңғыш Президент Парламенттің ролін арттыру қажет екенін айтты. 

Үкіметті қалыптастыруда Парламент негізгі роль атқаруға тиіс. Заңдар мен бағдарламаларды бірге қабылдап, халыққа бірлесе есеп бергені абзал, — деді ол. 

Нұрлан Нығматулин Мәжілістегі Nur Otan партиясы фракциясының депутаттары осы жылдың 5 қаңтарынан бастап еліміздің барлық өңірін, әсіресе шалғайда жатқан елді мекендерді аралап шыққанын айтты.

Бұл күндері депутаттар жұртшылықпен шамамен 1 500 кездесу өткізді. Онда әлеуметтік көмектің жаңа форматы, жаңа Денсаулық сақтау кодексі, халықты жұмыспен қамту және басқа да көп мәселе қозғалды. Алдағы заң шығару ісінде тұрғындардың барлық пікір-ұсынысы ескеріледі. Жалпы, былтырғы қыркүйек айынан бері Мәжіліс қарауына 97 заң жобасы енгізілді. Оның 37-сі қолдау тауып, Парламент Сенатына жолданды, — деді Мәжіліс төрағасы.