Синоптиктердің мәліметінше, 6-8 ақпан аралығында солтүстік және шығыс өңірлерде толассыз қар жауып, боран соғады, жел екпіні секундына 15-25 метрге дейін күшеюі мүмкін. Сонымен бірге Иран аудандарынан келетін жылы ауа массасы температура фонының жоғарылауына себеп болады.

Батыста, солтүстік-батыста түнде 3-8 градус аяздан 0-5 градус аязға дейін, кей жерде 3 градус жылыға дейін, күндіз 0-5 градус аяздан 7 градус жылыға дейін көтеріледі.

Солтүстікте, орталықта және шығыста температура түнде 20-28 градус аяздан 0-10 градус аязға дейін, күндіз 8-15 градус аяздан 3 градус аяз бен 2 градус жылы аралығына дейін, кей жерде 6 градус аязға дейін көтеріледі.

Оңтүстік, оңтүстік-шығыста сынап бағанасы түнде 0-8 градус, кей жерде 13 градус аяздан 3 градус аяз бен 2 градус жылы аралығына дейін, күндіз 2-7 градус жылыдан 5-12 градус жылыға дейін жоғарылайды.

Бірінші онкүндіктің соңында республика бойынша ауа температурасы солтүстікте түнде 10-20 градус аязға дейін, күндіз 5-13 градус аязға дейін, оңтүстікте түнде 3-13 градус аязға дейін, күндіз 0-7 аязға дейін төмендейді.

Ұзақмерзімді болжам бойынша айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде циклондар мен антициклондар жиі ауысып, аязды ашық күндер жылы әрі жауын-шашынды күндермен кезек-кезек алмасады.

Осылайша Қазақстанның көп бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы нормадан 1 градус жоғары, тек батыста климат нормасы шамасында болады. Жауын-шашын республиканың солтүстік-батыс бөлігінде және оңтүстік, оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы аудандарында нормадан көп, ал қалған аймақтарда норма шамасында түседі, — деп хабарлады «Қазгидромет» РМК ауа райының ұзақмерзімді болжамы басқармасының жетекші инженері Меруерт Сақымова.