Ақпанның алғашқы демалысында күн жылы болады

Синоптиктердің мәліметінше, Каспий циклонының ықпалынан күн жылиды.

Боранмен және қармен күресіп жүргенде қаңтар тез өтіп кетіп, қыстың соңғы айы да келіп жетті. Қаңтар антициклонның келуімен және ол себеп болған суық күндермен аяқталды. Бірақ бүгін Каспийде циклон қалыптасып, ол атмосфера фронттарымен, оңтүстік-батыс тропосфера ағындарымен бірге алдағы тәуліктерде Қазақстанға ығыса бастайды, — деп хабарлады «Қазгидромет» кәсіпорнының баспасөз қызметі.

Бұл циклонда ылғал мен жылудың мол қоры бар, оның түнгі температурасы 2-8 градус жылы болады, циклон республикада ауа температурасының күрт жоғарылауына ықпал етеді.

Демалыс күндері еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында күндіз 3-13 градус жылы, ал дүйсенбіде солтүстік, орталық және шығыс облыстарда температура 0 мен 8 градус аяз аралығында болады. Күннің жылуымен бірге атмосфера фронттары жауын-шашын да алып келеді: оңтүстік пен батыста жаңбыр, жылбысқы қар, елдің қалған аумағында қар жауады, — дейді мамандар.