әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің 3-курс студенті Назым Сапарова экология тақырыбындағы подкаст жобасын қолға алды. Ол 2019 жылдың 23-25 тамызы аралығында Internews ұйымының Қазақстандағы өкілдігі MediaCamp бағдарламасы аясында өткізген «Инклюзив контент лабораториясы» атты конкурсқа қатысқан. Шара USAID қорының және Қарағанды облыстық музейінің қолдауымен ұйымдастырылды. Инклюзив контент лабораториясы — қоғамдағы әртүрлі топ өкіліне бірдей мүмкіндік ұсынатын инновациялы іс-шараның жаңа форматы. 2019 жылдың тақырыбы — экология. Шараның мақсаты — медиада экология тақырыбындағы контент саны мен сапасын арттыру.

Конкурсқа 15 топ қатысты. Әр топ бір журналист пен бір экологтан құралады. Менің конкурстағы әріптесім эколог Лилиана Әлжанова болды. Біз ол кісімен Qarlygash деп аталатын аудиоподкаст жобасын ұсындық. Конкурс нәтижесінде бес топ грантқа ие болды. Соның ішінде біздің жобамыз ғана қазақ тілінде , — дейді Назым Сапарова.

Эколог Лилиана Әлжанова, Internews Kazakhstan ұйымындағы қазақ бөлімінің координаторы және Назым Сапарова
Эколог Лилиана Әлжанова, Internews Kazakhstan ұйымындағы қазақ бөлімінің координаторы Асхат Еркімбай және Назым Сапарова. Фото Назым Сапарованың жеке архивінен

Назымның айтуынша, Qarlygash аудиоподкасы 18-45 жас аралығындағы қыз-келіншектерге арналған. Экожоба 10 бөлімнен тұрады. Әзірше оның бесеуі дайын. Назым бұл бес бөлімде осы салаға қатысы бар адамдармен экология, қоршаған ортаны қорғау, хайуанаттар бағындағы жануарлардың жағдайы, қоқыс мәселесі сияқты тақырыптарда сұхбаттасады. Автордың айтуынша, бұл экожобаның қоғамға пайдасы көп.

Подкасты Qarlygash деп атауымыздың екі себебі бар. Біріншіден, қарлығаш — табиғаттың бір бөлшегі. Екіншіден, ол — қазақ халқының киелі құсы. Қазақта «Қарлығаш ұя салған шаңырақ берекелі болады» немесе «Түсіңізде қарлығаш көрсеңіз, жақсылықтың нышаны» деген сенім бар. Ал аудиториясы неге қыз-келіншек десеңіз, әйел экосауатты болса, баласын суды үнемдеуге үйретеді, күйеуіне де барынша экожағдайды түсіндіреді, құрбысымен әңгімелескенде де эколайфхактарды айтып, пайдалы ақпарат таратады. Меніңше, қоғамды өзгерту үшін жалау көтеріп, шағым айтқаннан гөрі әр адам өзінен бастауы керек, — дейді Назым Сапарова.

Qarlygash жобасы аясындағы бес аудиоподкасты Apple подкастан, Google подкастан, Castbox.fm және Anchor.fm ресурстарынан тыңдауға болады.

№1 бөлім

Назым Сапарова мен эколог Лилиана Әлжанова қалай танысты? Олар күнделікті өмірде қандай эколайфхактар қолданатынын алғашқы подкастан тыңдай аласыз.

https://castbox.fm/vb/221690270

№ 2 бөлім

Подкастың қонағы — экобелсенді Алмагүл Омарова. Алмагүлдің Instagram әлеуметтік желісінде Eco_astana деген парақшасы бар. Ол экология мәселелерімен 1,5 жыл айналысып, қалай экоблогер болғанын айтып берді.

https://castbox.fm/vb/222793146

№ 3 бөлім

Бұл подкастың қонағы — Назарбаев Университетінің магистранты, экобелсенді Әсем Қалиева. Әсем магистрлік диссертациясында Нұр-Сұлтандағы тұрмыстық қалдық мәселесін зерттеген. Ол өз зерттеуінде тұрмыс қалдығына қатысты қандай проблемаларды тапқанын, подкастан біле аласыздар.

https://castbox.fm/vb/222803834

№ 4 бөлім

Ертегі жазу арқылы экология мәселесін қалай көтеруге болады? Кезекті подкаста журналист Гүлжазира Берікқызы ертегілер жазуға не түрткі болғанын айтып берді.

https://castbox.fm/vb/222807782

№ 5 бөлім

Кезекті подкастың қонағы — «Сана» орталығының негізін қалаушы, экобелсенді Назерке Құлжабай. Назеркенің айтуынша, тұрмыс қалдығының ішіндегі ең зияны — батарея. Сол себепті ол батареяны бөлек жинауды әдетке айналдырған, тіпті оның достары, балалары көшеде батарея тауып алса, Назеркеге әкеп береді екен. Ол мына подкаста бүгінде қанша батарея жинағанын және оны қайда пайдаланатынын айтып берді.

https://castbox.fm/vb/224135241

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!