ivi онлайн кинотеатры сарапшылары 29 желтоқсан мен 9 қаңтар аралығында Қазақстан көрермені қай фильмдерді көп көргенін анықтады.
Бұл жолы қолданушылар жыл бойы көре алмаған жаңа картиналарға басымдық берген. Ең жиі қаралған үздік бестікке «Джуманджи: Джунглиге қош келдіңіз», Disney премьералары: «Малефисента: Түнек әміршісі» мультфильмі, «Дамбо» мен «Арыстан патша», сонымен бірге атышулы «Джокер» кірді. Айта кетейік, «Джокер» кинокартинасы 2020 жылы «Оскарға» 11 номинация бойынша ұсынылып, бұл жағынан үміткерлер арасында көш бастап тұр. Бұл — Готэмнен шыққан әйгілі зұлым туралы психологиялық триллер.
Жыл ауысқан мезгілде қазақстандықтар былтырғыдай «Тағдыр тәлкегі немесе Буыңыз жеңіл болсын!» сияқты кеңес классикасына емес, киноиндустрия трендтеріне көбірек назар аударған. Дегенмен топ-20-ға көрермен Рождество мен Жаңа жыл мерекелерінде сүйіп қарайтын «Рождествоны ұрлаған Гринч», «Үйде жалғыз қалғанда» сияқты фильмдер мен Гарри Поттер туралы сериал бәрібір кірді.
Сериалдардан Американың «Құштарлық анатомиясы», «Тылсым» және «Жүре алатын өлгендер» фильмдерінің жаңа маусымдары көп қаралған. Орта ғасырдағы Скандинавия батырлары туралы «Викингтер» мен түріктің «Ертұғырыл» сериясы үздік бестікке кірді.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Маша мен Аю» осымен бірнеше жыл қатарынан балалар көп қарайтын мультфильмге айналып отыр. Қаралымы жөнінен екінші орынды ғылыми-танымдық «Фиксики» мультсериалы алды. «Бөбектер» («Малышарики») жобасы да Қазақстан балаларының сүйікті картиналары қатарында.
Қазақстан көрермені отандық өнімдерді де қызыға көретін болған. Оның бір дәлелі мерекелік демалыста 2019 жылы республиканың түрлі өңірінен жиналған 4 студент қыз туралы «Тек қана қыздар», ауыл адамдарының қызық оқиғасын баяндайтын «Зың-зың Күлпаш» және жаңадан отау құрған ерлі-зайыпты жайындағы «Жас жұбайлар»комедиялары жиі қаралды.
Ресей түсірген фильмдердің ішінде «Жүктілікті анықтайтын тест» және аңызға айналған кеңес танкі туралы «Т-34» әскери драмасы қаралымы жағынан алғашқы орындарға жайғасты. Қоғам пікірін зерттеу жөніндегі бүкілресейлік орталықтың мәліметінше, «Т-34» картинасын Ресей аудиториясы «жыл фильмі» деп атаған. Бұл фильм биыл Ресейде 2019 жылы түсірілген фильмдер үшін берілетін «Золотой Орел» ұлттық кинематография жүлдесінде номинациялар саны бойынша көшбасшы атанып отыр. Жүлде 31 қаңтарда табыс етіледі.