Дубляж режиссеры болып қалай бекітілдіңіз?

— «Болашақ» корпоратив қорының бірнеше әлеуметтік бағдарламасы бар. Соның ішінде қазақ тілін насихаттау мен дамыту барысында «Өзіңнен баста» жобасы құрылды. Осы жобаның аясында фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды қолға алдық. Бұл идеяны іске асыруға үлес қосқан «Болашақ» қорының бұрынғы төрағасы — Бауыржан Байбек. 2011 жылы алғаш рет The Walt Disney компаниясының фильмі Алматыда дубляждалды. 2015 жылдан бастап дубляж Нұр-Сұлтанда Aray Media Group студиясында халықаралық стандарттарға сай іске асырыла бастады.

Мен Қазақ ұлттық өнер университетінің театр және кино актері мамандығының түлегімін. Дубляж режиссеры болмас бұрын әуелі дубляж актеры болдым. Ең алғаш «Жұлдыздар шайқасы: Күштің оянуы» фильміндегі басты роль — Финнаны қазақ тілінде дыбыстадым. Осы жұмыстан соң өзім де дубляж маманы ғана емес, режиссер болып та идеямды іске асырғым келді.

The Walt Disney компаниясының АҚШ-та және Ресейде өкілдігі бар. Дубляж режиссеры болу үшін арнайы аттестациядан өтесіз. 2016 жылы компанияның арнайы маманымен орыс және ағылшын тілінде сұхбаттасудан өттім. Ал аттестациядан өткен дубляж режиссерларын Aray Media Group студиясының бас продюсері мен басшылары таңдайды. Сонымен қатар дубляж режиссеры болмас бұрын Ресейдің дубляж студияларының бірінде 10 күн мастер-кластан өттім. Ал дубляж режиссеры ретіндегі дебютім — «Галактика сақшылары 2» фильмі.

— Қазақ тіліндегі дубляж қалай жасалады?

— Тарихты айта кетсек, 50-жылдардың соңында бізде фильмдерді дубляждау өте жоғары деңгейде болды. Бірақ Кеңес Одағы ыдыраған соң бұл сала біраз уақыт тоқтап қалды. Кейін «Қазақстан», «Хабар» мемлекеттік телеарналары мен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында фильмдерді қазақ тіліне аудару қайта қолға алынды.

Ал біздің «Өзіңнен баста» жобасы аясындағы дубляжда бір топ тіл маманы бар. Қазір шетел фильмдері қазақ тіліне орыс тілінен емес, ағылшын тілінен тікелей аударылады. Әр жобаға әртүрлі маман шақырылады. Біз көбіне Әсел Мамырова есімді тіл маманымен жұмыс істейміз. Ол ағылшын тіліндегі мәтінге ілеспе аударма жасап береді. Одан кейін мәтін әдеби редактордың өңдеуінен өтеді. Жуырда шыққан «Арыстан патша» фильміндегі әдеби редакторымыз Рахат Әбдірахманов болды. Мәтін әдеби редакциялаудан өткен соң үйлестірушінің жұмысы басталады. Дубляж жұмысындағы ең маңызды сәт — мәтінді үйлестіру. Өйткені сөзді экрандағы кейіпкердің аузының ашылуына қарай ыңғайлаймыз. Мысалы, ағылшын тіліндегі ашық дыбыстан басталатын сөзді қазақша солай айтылатындай үйлестіру қажет. Бұл — дубляж жұмысының заңы. Дубляж сапасы мәтіннің дұрыс үйлестірілуіне тікелей байланысты. Жауапкершілігі жоғары жұмысты Гүлжан Сауыртаева есімді маман өте жоғары деңгейде орындайды. Кейін мәтін үйлестіріліп болған соң дубляж режиссеры ретінде тексеремін. Мәтінді оқып, видеомен салыстырамын. Бас продюсер, басшылар мен актерларды жинап, бір тексеріп шығамыз. Бір тыңдап шығу тәсілін дубляж процесіне өзім қостым. Бұл — Ресейде үйреніп келген жаңа тәсіл. Көп болып тыңдап шығу кезінде актерлар мәтінді оқиды, біз фильмнің түпнұсқасындағы іліпалар сөздерді қазақ тіліне ыңғайластырамыз. Мысалы, «Арыстан патша» фильмінде «өмір шеңбері», «өлі аймақ» деген сөз тіркестерін сәтті қолдандық. Біз дубляждаған фильмдерде міндетті түрде көнерген сөздер, мақал-мәтелдер мен қазақы әзілдер болады. Өйткені бұл — біздің тілдің ерекшелігі. Ағылшын тіліндегі фильмдерде мақал-мәтел бола бермейді. Оларда көбіне ұлы ойшылдардың сөзі қолданылады. Ал біз дубляж барысында қазақ тілінде қолданыстан шығып қалған көнерген сөздер мен мақал-мәтелдерді пайдаланамыз. «Арыстан патша» фильмінде Симбаның әкесі Муфасаның аузына мақал-мәтелдер мен көнерген сөздерді салдық.

— Дубляжға актерлар қалай іріктеледі?

— Егер дубляждалатын фильмде негізгі көрініс көп болса, оған басты рольдегі актерлармен бірге қосалқы рольдерге де кастинг жарияланады. Бізде телесериалдардағыдай бір актер бірнеше кейіпкерді дыбыстамайды. Кастингіге 70, ең аз дегенде 40 актер шақырылады. Оған қоса, фильмде музыка, ән болса, оның саундтрегін аудару үшін қосымша әншілер іріктеуден өтеді. Жеке орындаушылармен бірге хор дауысы үшін 10-15 кәсіби маман таңдалады.

Дубляжға кіріспес бұрын The Walt Disney компаниясынан бізге видео, мәтін және кастинг талаптары жіберіледі. Әр қысқа видеодағы кейіпкердің іс-әрекеті мен сөйлеуіне қарай біз мәтінді қазақ тіліне аударып, кастинг өткіземіз. Актердың сөйлеуін жазып алып, оның жасы мен дауыс ырғағын ескереміз. Бір кейіпкерді дыбыстау үшін 10 шақты актер кастингіге қатысады. Іріктелген актерлардың дауысын АҚШ-қа, The Walt Disney компаниясының өкілдеріне жібереміз. Дубляж актерын компания өзі таңдап, бекітеді.

Дубляж мерзімі жобаның қаншалықты күрделі екеніне байланысты болады. Дайындау мен дыбыстау уақыты — шамамен екі ай. Жобаға байланысты материалдарды, трейлерді жарты жыл бұрын дайындаймыз. Өйткені көрермен фильмнің өзінен бұрын трейлерімен танысуы керек. Сондықтан трейлерді дубляждау да — өте жауапты іс.

Балалардың дубляж жұмысына берер бағасы қандай?

— Біз балаларға барынша қызық дубляж жасап жатырмыз деп ойлаймын. Негізгі көрерменіміз — балалар. Олардың ата-аналардан күнде естіп жүрген сөздерін, қазақы әзілдерді қолдана отырып, балаларды фильмге қызықтыра түскіміз келеді.

«Арыстан патша» фильмі жарыққа шыққалы бері кинотеатрға барып көріп тұрамын. Барған сайын ерекше әсерде боламын. Балалардың эмоциясын көргенде, Симбамен бірге жылап, Тимон мен Пумбаның әзілдеріне күліп, Ызғардың қатесін айтып отырған көрерменді көргенде қатты қуанамын. Кішкентайлардың осындай тәрбиелік мәні бар фильмдерді ана тілінде көруі — біз үшін үлкен жетістік.

— Алдағы уақытта қандай фильмдердің дубляжын тамашалай аламыз?

— Дубляж жұмысындағы ең танымал фильмдеріміз — «Моана», «Коконың құпиясы» және «Аладдин». Жуырда шыққан «Арыстан патша» фильмін де көрермен асыға күтті. Осы жылдың соңына дейін Maleficent 2 («Малефисента 2») мен Frozen 2 («Мұзды өлке 2») қазақ тілінде дыбысталып шығады.

— Ісіңізге табыс тілеймін! Көрерменіңіз көп болсын!