Конференция қатысушылары бокс федерациясына Тимур Құлыбаевты жетекшілік ете беруі үшін бір ауыздан дауыс берді. Оның аталмыш федерация басшылығындағы төртжылдық мерзімі ағымдағы жылдың желтоқсанында аяқталуі тиіс еді.
ҚБФ президенті ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың жұмысына оң баға беріп, оған және барлық жаттықтырушыларға сәттілік және төзімділік тіледі.
Тимур Құлыбаев Қазақстанның бокс федерациясына 2009 жылдан бері жетекшілік етіп келеді. Ол Олимпиада қорытындысына қатысты пікірін білдіре келе:
«Төрелік бойынша сұрақтар өте көп. АИБА-ның алдағы отырысында мұның бәрін талқылайтын боламыз. Василий Левиттің ақтық сынында жағдай қалай қалыптасқандығын білесіздер — АИБА-ның атқарушы директоры қызметінен босатылды, барлық төрешілер шеттетілді. Бірақ одан бізге жеңіл болған жоқ. Елбасы Левиттің және федерацияның барлық жұмысын бағалады. Бұл біз үшін қажетті баға», — деп атап өтті.
Айта кетейік, Тимур Асқарұлы Құлыбаев 1966 жылы 10 қыркүйекте Алматыда дүниеге келген. Қазақстандық кәсіпкер, қоғам қайраткері Тимур Асқарұлы — KazEnergy ассоциациясының төрағасы, Қазақстан ұлттық экономикалық «Атамекен Одағы» палатасы президиумының төрағасы, Қазақстан Республикасы Бокс федерациясының төрағасы, «Газпром» РАҚ-ы директорлар кеңесінің мүшесі қызметтерін атқарады. Сонымен қатар ҚБФ президенті Құрмет ордені, Үшінші дәрежелі Барыс ордені және т.б. марапаттарға ие болған.