Тегеранда апатқа ұшыраған Boeing 737 жерге түспей жатып жанып кеткен. «РИА Новости» агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы Иран Азаматтық авиация ұйымының апатты тергеу туралы есебінде айтылады.
Куәгерлердің хабарламасы бойынша ұшақтан от көрініп, фюзеляж бойына таралған, — делінеді апатты тергеудің алғашқы нәтижесі туралы есепте.
Иран Азаматтық авиация ұйымының мәліметінше, лайнердің қозғалыс траекториясына қарағанда экипаж ақау байқалғаннан кейін әуежайға қарай бұрылған. Бірақ пилоттар борттағы штаттан тыс жағдай туралы ешқандай хабар бермеген.
Әуе апаты 8 қаңтар күні болды. Тегераннан Киевке бағыт алған Украина халықаралық әуе желілеріне қарасты Boeing 737 ұшағы Имам Хомейни атындағы әуежайдан ұшып шыққаннан кейін құлап түскен. Апаттан 176 адам қаза тапты, олардың 9-ы — экипаж мүшесі. Опат болған жолаушылар — Иран, Канада, Швеция, Ауғанстан, Германия, Ұлыбритания, Украина азаматтары.
Ұшақтың құлауына двигательдің істен шығуы себеп болуы мүмкін деген жорамал айтылды. 9 қаңтарда Иранда және Украинада қаралы күн жарияланды.