Иранда ұшақ апатқа ұшырап, жолаушылар қаза тапты

Ақпарат құралдарының мәліметінше, ұшақта кемінде 170 адам болған. Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарына сілтеме жасаған Reuters агенттігі ұшақтағы адамдардың бәрі қаза болғанын хабарлады.

Иранның мемлекеттік Fars агенттігінің мәліметінше, Украинаның халықаралық әуе компаниясына тиесілі ұшақ Имам Хомейни атындағы әуежайдан әуеге көтерілген кезде құлаған. Boeing 737 Киевке ұшып шыққан.

Reuters Иранның азаматтық авиация ұйымының ресми өкілі Реза Джафарзадэге сілтеме жасап, мемлекеттік арналарға апат орнына құтқарушылар жіберілгенін хабарлады.

ҚР Сыртқы істер министрлігі алдын ала ақпарат бойынша апатқа ұшыраған жолаушылар арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлады. 

Иран Сыртқы істер министрлігінің Қазақстанның Тегерандағы елшілігіне берген алдын ала ақпараты бойынша Украина әуе компаниясының құлаған ұшағы жолаушыларының арасында қазақстандықтар жоқ. Сонымен қатар қазақстандық консул Қазақстан Республикасының консулдық есепте тұрған барлық азаматымен байланысып жатыр. Бүгінгі таңда Иранда Қазақстан Республикасының 174 азаматы тіркелген, — деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Еске салайық, 2019 жылдың 27 желтоқсаны күні Алматы маңында жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған еді. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, 50-ге жуық адам жарақат алды, әуе көлігінде барлығы 98 адам болған. Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker 100 көтерілер кезде биіктікке ие бола алмай, бетон қоршауды бұзып өтіп, тұрғын үй секторындағы екі қабатты құрылысқа соғылды.