ЭКСПО-2017 ұйымдастырушылары Көрмеге 110 мемлекет қатысады деп күтуде

«Астана ЭКСПО-2017″ Ұлттық компаниясы» АҚ халықаралық қатысушылармен жұмыс атқару департаментінің директоры Илья Оразақовтың сөзіне қарағанда, ЭКСПО-ға қатысу туралы өтініш беру мерзімі әлі де жалғасуда және өтінімдерді қабылдау уақыты аяқталған кезде қатысушы мемлекеттер саны артып, 110 елді құрайтын болады деп хабарлайды Zakon.kz.

«110 мемлекет тарапынан өтінім қабылдайтынымыз туралы күмәніміз жоқ, себебі әлі уақыт бар, есігіміз ашық. Біз қатысушыларды, олардың өтініштерін әлі де болса күтеміз. Жай ғана күтіп қоймай, осы бағытта қолдау білдіру, мемлекеттердің қызығушылығын тудырып, аталған елдермен байланыс орнату секілді жұмыстар жүргізіп отырмыз», — деді ол Астанада өткен брифинг барысында.

Ұлттық компания өкілі көрмеге 100 ел қатыстыру бойынша бастапқы жоспардың орындалғаны туралы айтып өтті.

«Қазір 104 мемлекет шараға қатысатындығы туралы ресми түрде растап отыр. Көрме – халықаралық шара және аталған елдердің қатысуы, олардың саны, ұсынатын жобаларының сапасы үлкен маңызға ие. Бүгінгі күні мәлімделген елдердің міндеттемелері, бастапқы жоспарлар, көрменің қандай болатыны және ол жерде не болатыны туралы айтылған, Халықаралық көрме бюросының алдында біз таныстырған, регламентті түрде бәрін толық қамтыған тіркеу құжаттамамызда көрмемізге шақыра отырып, қатысады деп кепілдік берген мемлекеттердің нақты саны көрсетілген. Ол сан 100 еді. Қазір біз осы жоспарды асыра орындап отырмыз», — деп атап өтті департамент басшысы.

Илья Оразақовтың айтуынша, ЭКСПО-ға қатысу туралы өтініш берген елдердің саны 110-ды құрайтын болса, Қазақстан ең көп мемлекет қатысқан көрме иелері көшбасшыларының үштігіне кіреді екен.

«Атап өткім келетін қызық фактілердің бірі мынау: 110 мемлекет шарамызға қатысатын болса, Қазақстан ең көп мемлекет қатысқан көрме иелері көшбасшыларының үштігіне кіреді. Қазіргі уақытта өз көрмесіне 140 елді қатыстыра алған Португалия тізімді бастап тұр. 121 мемлекет ат салысқан көрменің иесі Қытай екінші орында. Сондықтан мәртебелі немесе біз «қола» деп атайтын үшінші орынға Қазақстан әбден қол жеткізе алады. Осылайша еліміз өзінің қойған мақсатқа жете алатынын, кәсібилігін және нәтижелерін паш етеді. Біз осыған жетуге тырысамыз және мұны жүзеге асыруға болады», — деді ол.

Спикердің сөзіне қарағанда, Ұлттық компанияда қазір елдерді көрмеге жұмылдырудан бөлек оларға қолдау білдіру бойынша да үлкен жұмыстар атқарылып жатыр екен.

«Бұл – департамент күн сайын жүргізіп отырған, үлкен күшті талап ететін еңбек, себебі мемлекеттерге қолдау білдіру керек. Әрқайсысының тілін таба білу қажет. Әр мемлекеттің көрме аясында қол жеткізгісі келетін өз жоспары мен мақсаты бар. Сондықтан «Астана ЭКСПО» Ұлттық компаниясы жай ғана дипломатия амалдарын қолданып қоймай, біз серіктестік, достық және кәсіби байланыс орнатқымыз келетін әр мемлекетпен жеке қарым-қатынас орнатуда», — деп атап өтті Ұлттық компания өкілі.

Ол қазіргі уақытта ЭКСПО көрмесі өтетін үш ай аясындағы әр елдің белсенділіктері бойынша нақты күнтізбенің әзірленіп жатқанын айтты. Сонымен қатар департамент директоры халықаралық қатысушыларға арналған ЭКСПО павильондары мен көрме аумағындағы пәтерлердің 100% пайдалануға берілгенін қосып кетті.

«Осы айдың аяғында халықаралық қатысушылардың павильондары мен пәтерлер толыққанды түрде пайдалануға беріле бастайды. Құрылыс 100% аяқталды», — деп сөзін қорытындылады И.Оразақов.