Жоңғар ергежейлі атжалманы қандай жануар?

Үй жануарын асырағысы келетін адамдар арасында атжалман үлкен сұранысқа ие. Aquapro зоодүкенінің басшысы Наталья Альхованың айтуынша, оларды әсіресе балалар жақсы көреді. Бала ересек адаммен зоодүкенге келгенде тышқанды көріп, бірден сатып алуды өтінетін көрінеді.

Жабайы атжалмандар Батыс Сібірде, Жетісу Алатауында, Хакасияда өмір сүреді. Оларды үй жағдайына үйрету алғаш Еуропа елдерінде басталды. Кейін біздің елімізге де жетті. Жоңғар ергежейлі атжалмандарының жабайы тышқаннан айырмашылығы реңінде. Үй атжалмандарының түсі әртүрлі болады, – дейді ол.

жоңғар ергежейлі атжалманы, тышқан жылы
Фото: Айгүл Хожантаева

Ол қандай азық жейді?

Атжалманның негізгі рационына дәнді дақылдар кіреді. Үй тышқаны күнбағыс, асқабақ дәндерін, бидай мен жаңғақты жақсы көреді.

Сонымен бірге сәбіз, асқабақ, брокколи, түрлі түсті қырыққабат, алма, банан сияқты жеміс-жидек пен көкөністі тұтынады. Екі аптада бір рет қайнатылған жұмыртқа, қайнатылған тауық етін беріп тұрған жақсы. Өйткені мұндай тағамның құрамында ақуыз бар. Олар алма бұтақшасы мен сүйегін мүжіп, кеміргенді де жақсы көреді, – дейді Наталья Альхова.

жоңғар ергежейлі атжалманы, тышқан жылы
Фото: Айгүл Хожантаева

Атжалманды үйде асырайтындар нені білуі керек?

Жоңғар ергежейлі атжалманы (Phodopus sungorus) адамдармен тез достасады, қолға тез үйренеді. Балалар оны кез келген уақытта қолына алып, сипап, ойнай алады.

Атжалмандарды үйде асырағанда ескеретін басты нәрсе – күтім. Ең әуелі оларға арналған торды күн сайын тазалап отыру қажет. Сол кезде жағымсыз иіс болмайды. Тордың ішіндегі ағаш жоңқаларды жиі ауыстыру керек. Оларға әр күн сайын таза су берген маңызды. Сонымен бірге зоодүкендерде атжалмандарға арнайы азық сатылады. Қазір мұндай дайын өнімді адамдар көп сатып алады. Ал кейбіреулер оларға әртүрлі дәнді дақыл мен жаңғақты өздері дайындап береді, – дейді Aquapro зоодүкенінің басшысы.

жоңғар ергежейлі атжалманы, тышқан жылы
Фото: Айгүл Хожантаева

Атжалмандар күндіз ұйықтап, кешке қарай белсенді болады. Олардың торына міндетті түрде өздері кіріп-шыға алатын тесігі бар құбыр не шығыр қою керек. Жабайы атжалмандар далада өмір сүретіндіктен көп қимыл жасайды. Ал үй атжалмандары дайын азықты жеп, тордың ішінде жүреді. Соның кесірінен тез толықтап, семіздіктен зардап шегуі мүмкін. Егер оның торында дөңгелек нәрсе болса, олар сонымен әрі-бері өтіп, үнемі қозғалыста болады.

Тышқанның бағасы қанша?

Тышқан – тез көбейетін жануар. Сол себепті бағасы қымбат емес. Қазақстан нарығында атжалман 5-9 мың теңгенің аралығында сатылады және сұраныс көп.

Тышқан әр балалағанда 1-ден 11-ге дейін туады. Екі-үш аптадан соң тағы да балалай алады. Негізі атжалмандар туған соң 24 сағат ішінде қайтадан буаз болуы мүмкін. Тышқанға сұраныс көп. Олар әсіресе Жаңа жыл, Әйелдердің халықаралық күні сияқты мерекелер кезінде көп сатылады. Зоодүкенге келушілердің көбі тышқанды таңдайды. Өйткені олар – күй талғамайтын көнбіс жануар. Әрине, алғашқы уақытта қолға мұқият үйрету қажет. Өйткені олар ортаға әлі үйренбеген сәтте қорыққаннан адамды тістеп, агрессия байқатуы мүмкін, – дейді Наталья Альхова.

жоңғар ергежейлі атжалманы, тышқан жылы
Фото: Айгүл Хожантаева

Жоңғар ергежейлі атжалманы қандай ауруларға төзімсіз?

Тышқан да кез келген тірі ағза сияқты ауырады, әсіресе семіздік олардың қозғалуын қиындатады. Натальяның айтуынша, тышқан соның кесірінен өліп те кетуі мүмкін.

Сонымен бірге тордағы атжалман қандай да бір вируспен ауырса, басқасы да жұқтырып алады. Атжалмандар сальмонеллезбен жиі ауырады. Мұндай кезде олар әлсіз болады, тығылып қалады, тамақ жемейді, қарны үлкейеді, іші өтеді. Сал, оба, туберкулез сияқты ауруларға да тышқандар төзбейді. Мұндай кезде ең дұрысы – ветеринарға қаратып, емдету. Дәрігерлер оларды емдеу үшін антибиотиктер беріп, нақты ем белгілейді, – дейді зоодүкен маманы.