Тышқанның туысы екеніміз айтылатын кіріспе сөз

Бұл бөлімде маймыл маймылға айналғанға дейінгі оқиғалар туралы сөйлейміз. Себебі осы күні 500-ге жуық түрдің басын қосып отырған (ішінде адам да бар) приматтар отряды салаң етіп бір сәтте аспаннан түскен жоқ. Тіпті әуелгі приматтар маймылға да ұқсамайтын, сырт-келбеті тиін-тышқанға көбірек келетін. Ол түсінікті де: филогенетикалық шежіремізге қарап келіп жіберсек, жануар атаулының ішінде приматқа жақын тұрғаны кемірушілер мен қоянтектестер екенін көрер едік.

Филогенетикалық шежіре
Филогенетикалық шежіре. Дереккөз: US National Library of Medicine/National Institutes of Health

Миллиондаған жыл бойы жүрген процестердің арқасында арғы маймылдар бет-бейнесін өзгертіп, алуан кейіпте дамыды, әр түрі сан-тарау жолға түсіп, өзіне тән тағдырдың иесі атанды.

Сондықтан «міне, мына жерде мына маймыл жайлап адамға айнала бастады» деудің алдында осы приматтардың қалай қалыптасып, қалай дамығанын шолып өткен жөн.

Миллиондаған жылды бір минутқа сыйғызсақ

Шамамен 99-85 миллион жыл бұрын плацентар сүтқоректілердің жоғарғы отряды пайда болып, қалыптасты. 88 миллион жыл бұрын бұл топ кемірушітектестер және эуархонттар болып екіге бөлініп кетті. Алдыңғысына қоянтектестер мен кемірушілер, ал соңғысына приматтектестер мен тупайтектестер кіреді.

Приматтектестер кейін түктіқанаттар мен приматтар болып ажырады. Ал приматтардың өзі сумұрын (немесе «жартылай маймылдар», «төменгі приматтар» деп те аталады) және құрғақмұрын («маймылдар», «жоғарғы приматтар») болып бөлінді. Сумұрындардың біздің заманға жеткен өкілдерінің бірі — лемур, ал құрғақмұрындарға адамнан бастап мирикиге дейінгі түрлі маймыл кіреді.

65 миллион жыл бұрын өз заманының ығайы мен сығайы болған динозаврлар құрдымға кетіп, ақсөңке сүйекке айналғанда, соған дейін майда-пашақ кейіпте өмір сүріп келген (алып жануар болуға динозаврлар мүмкіндік бермеген еді) сүтқоректілердің бағы жанды — шетінен үлкейіп, тіршілік тізбегіндегі «анау-мынау -заврлардан» кейін босаған орындарды иемдене бастады. Солардың арасында приматтар суырылып алға шықты.

Приматтардың арғы атасы, ғалымдардың айтуынша, Азиядан шығып қазіргі Еуропа пен Солтүстік Америкаға тарап, сол жақта сумұрындар мен құрғақмұрындардың пайда болуына жол ашты.

Құрғақмұрындардың өзі екіге бөлінді. Америкаға кеткендер ары қарай өсіп-өніп, Кеңмұрын маймылдар парвотрядының таралуына мүмкіндік берді. Кетпегендері Тармұрын маймылдардың атасы атанды. Осы Тармұрындардың бір тобы Африка ауып, сол жақты мекендеп қалды. Бұл болашақ адамзаттың бабалары еді.

Алғашқы маймылдар қандай болды?

Ғылымға көз жүгіртсек, приматтар отрядының ең ежелгі өкілдерінің бірі пургаториус екенін көреміз.

Пургаториус
Purgatorius (реконструкция). Иллюстрация: Wikimedia.org

Шамамен осыдан 66-56 миллион жыл бұрын өмір сүрген сүтқоректі. Кей ғалымдар «осы күнгі маймылдардың бас атасы пургаториус болуы мүмкін» деген пікірді алға тартады. Ұзындығы шамамен 10-15 сантиметр, салмағы 40 грамдай ғана болған.

Құрт-құмырсқадан да бас тартпайтын, қолына жеміс түссе, оны да шөпілдетіп, сүйсіне жейтін бұл аң дәу-дәу тіршілік иелерін қырып жіберген қоршаған ортаның өзгеруінен онша зардап шеге қоймаса керек.

Әлдебір жидектің қашан пісетінін немесе жәндікті қай жерден аулауға болатынын есте сақтау қажеттілігі интеллектін дамытқан. Бұтақтан бұтаққа секіріп өмір сүретіні вестибуляр аппаратының, миының жетілуіне әкелген және бинокуляр түріндегі көру форматының пайда болуына, яғни екі көзінің тышқандікі сияқты бастың екі жағында емес, қазіргі адамдікі сияқты беттің ортасына таяп барып орналасуына мүмкіндік берген.

Пургаториустан кейін эволюция тарих сахнасына ұрпағы маймылдарға айналатын тағы басқа мақұлықтарды шығарды. Мәселен, плезиадапис атты бүтіндей бір тұқымдас тобы өмір сүрді. Тиінге ұқсайтын, бірақ оларға еш жақын туыстығы жоқ плезиадапистер 58-55 миллион жыл бұрын жорғалап-жүгіріп тіршілік етті.

Үлкендігі қазіргі тышқан немесе атжалмандай-ақ болатын плезиадапистер ағаштарды мекен етті, құрт-құмырсқа аулап жеді, өсімдіктен де бас тартпады. Ғалымдар бұл жануарлардың бүтіндей қаңқаларын тапты. Олардың бір тобы құрылымы, түр-сипаты жағынан болашақ маймылдардың атасы екенін анық көрсетсе, екінші бір түрлері приматтан гөрі кемірушілерге, түктіқанаттарға көбірек келеді.

Плезиадапис
Плезиадапистің бір түрі карполестоид (реконструкция). Иллюстрация: The scientist.com

56 миллиондай жыл бұрын Азия аумағында архицебустар өмір сүрді. Бұлардың сырт пошымы маймылға келіп-ақ қалған еді. Айтпақшы, архицебус қаңқасы қазіргі Қытай аумағынан табылды. Бұл — приматтар Азияда пайда болды деген гипотезаны растайтын мәліметтердің бірі.

Жалпы архицебусты ғалымдардың кейбірі «құрғақмұрын маймылдардың ұлы бабасы» деп атайды, себебі бұл — құрғақмұрындардың екі тобының, яғни негізінен күндіз белсенді болатын маймылтектестердің де (бұл топқа адам кіреді), түнде ояу болатын ұзынөкшелілердің де қасиеттерін қатар иемденген жануар.

Құрғақмұрын маймылдардың тағы бір атасы саналатын эосимиятұқымдастар шамамен 45 млн жыл бұрын тіршілік етті. Мұның да сүйектері Қытай аумағынан табылды.

33-29 миллион жыл бұрын жер бетінде египтопитектер шауып жүрді. Бұл – тармұрын және кеңмұрын маймылдардың ортақ атасы. Салмағы 7 келіге дейін жеткен, субтропика ормандарында өмір сүрген.

Египтопитек
Египтопитек. Иллюстрация: Thoughtco.com

Ал мынау — өткен сабақтан таныс сааданий немесе Saadanius hijazensis. Қазіргі Сауд Арабиясынан табылған. Атауы қазба жұмыстары жүрген әл-Хижаз провинциясының құрметіне берілген. Ал «саадан» сөзі араб тілінде «маймыл» дегенді білдіреді.

Сааданий — аса маңызды примат, себебі ол адамтектес және мартышкатектес маймылдардың ортақ атасы саналады. Шамамен 29-28 миллион жыл бұрын тіршілік еткен, тұрқы да әжептеуір болған: ересек сааданий шамамен 15-20 килограм тартқан.

Сааданий
Сауд Арабиясынан табылған сааданийдің бас сүйегі қалдықтары. Фото: Rtve.es

Бүгінге осымен тәмәм. Келесі мақалада адамтектес маймылдар туралы кеңінен әңгімелесеміз және алғашқы адамдардың қайдан шыққаны туралы ғылым не дейтініне тоқталамыз.