Жеміс-жидекті мұздатқышта сақтамас бұрын мына ережелерге назар салыңыз

  1. Тоңазытқышта тек балғын жемістерді сақтауға болады. Жеміс-жидектер ашылған, кесілген, бүлінген болмауы керек.
  2. Мұздатқышқа салмас бұрын жемістерді жақсылап жуып, толық кепкенше күту керек. Егер жемістердің сырты су болса мұздатқышқа жабысып қалуы мүмкін.
  3. Жемістерді жеуге дайын болған түрінде мұздатыңыз. Себебі мұздатқышта сақталған жемістер жұмсарады. Сондықтан қабығын ашып, дәнінен тазартып алыңыз.
  4. Мұздату үшін пластикалық контейнерлерді немесе арнайы қалталарды пайдаланыңыз. Олардың сыртына жемістің атын жазып қоюды ұмытпаңыз. Бұл жемістерді контейнерді ашпай, оңай табуыңызға көмектеседі.
  5. Мұздатқыштың температурасын -18 градусқа қойыңыз. Мұндай градуста жемістер 12 айға дейін сақталады.
  6. Маусымдық көкөністі де мұздатқышта сақтауға болады. Мысалы, баклажан мен қызанақ қыста және көктемде екі есе қымбаттайды. Онымен қоса дәмі жаздағыдай табиғи болмайды.

Көкөністі қалай сақтау керек?

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет. Фото: Домашний очаг

Алдымен сақтауға жарамайтын көкөністі атап өтейік. Олар — қияр, шалғам және салат жапырақтары. Көкөністің бұл түрлері мұздатқышта біраз тұрғаннан кейін қою қоймалжыңға айналып, жеуге жарамсыз болып қалады.

Қызанақ та езіліп кететін көкөніске жатады. Бірақ бұл оны тағамдарға дәмдеуіш ретінде пайдалануға кедергі келтірмейді. Күнделікті сорпа мен тұздық үшін қызанақты төртбұрыш етіп, ал пицца үшін дөңгелек етіп турап, сақтап қойған өзіңізге ыңғайлы болады.

Баклажан мен кәдіні дайын күйінде сақтаған жақсы. Оларды турап, суға қайнатып немесе майға қуырып алыңыз. Артынша бірнеше бөлікке бөліп, контейнерлерге салыңыз.

Түрлі түсті қырыққабат пен брокколи қатты болып қалмас үшін, оларды жақсылап тазартып, бөліп, ыстық суға 1-2 минутқа салып қойыңыз. Одан соң кептіріп, мұздатқышқа салуға болады.

Болгар бұрышын бүтін күйінде де, кесіп те сақтауға болады. Егер бұрыштың қажетсіз бөлігін айналдырып кесіп тастасаңыз, тартылған ет мен күріш салып пісіруге дайын болып тұрады.

Сәбізді жуып, қабығын ашып, бүтін күйінде де, үккіштен өткізіп те сақтауға болады. Ал қызылшаны пісіріп алып, ірілеу етіп үккіштен өткізіп сақтасаңыз, салатқа дайын болып тұрады.

Жемісті қалай сақтау керек?

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет. Фото: flickr.com

Бананды қабығын ашып, 3-4 бөлікке бөліңіз. Одан соң майлықпен жайлап сүртіп, аздап құрғатып алу қажет. Осы бөліктерді қатты контейнерге орналастырып, мұздатқышқа сала беруге болады. Бананды қабығымен сақтауға болады деген кеңестерге сенбеңіз.

Алма мен алмұртты кесіп, қарайып кетпес үшін лимон шырынын сеуіп сақтаңыз. Ал өріктерді екіге бөліп, дәнінен тазарту қажет.

Апельсинді мұздатқышта сақтай алмайсыз. Себебі оның дәмі ащы болып кетеді. Алайда апельсин шырынын кез келген тоңазытқышта ұстауға болады.

Жидекті қалай сақтау керек?

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет. Фото: oboi-dlja-stola.ru

Жидектер майда болғандықтан оларды алдын-ала сүйектерінен, жапырақтарынан тазартқаныңыз дұрыс. Оларды бөлудің қажеті жоқ. Тек ылғал болмаса болғаны. Ал таңқурайды кездейсоқ құрттардан тазартып алу үшін суға салып, жуу керек.

Таңқурай, бүлдірген, құлпынайды формасы сақталуы үшін контейнерге салыңыз. Ал шие, қараөрік, қарақат, қаражидек мен мүкжидекті қалтаға салып сақтауға да болады.