Басты бетЖаңалықтарАлматы әкімі...

Алматы әкімі BRT туралы алыпқашпа әңгімеге нүкте қойды

Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев бұған дейін 29 тамызда Бостандық ауданының 600 тұрғынымен кездескен еді. Алматы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ол кезде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік инфрақұрылымы, абаттандыру, әлеуметтік сала, құқық тәртібіне қатысты 120 сауал қойылған еді. Бұл мәселелердің қалай шешіліп жатқанын аудан әкімі Алтай Рахымбетов айтып берді.

Нұрлытау, Ерменсай, Нұр Алатау, Ақтөбе ықшамаудандарында 2,8 мыңнан астам үй бар. Онда 15 мыңнан астам адам тұрады. Бұл тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында сыйымдылығы 9 мың текше метр су тазарту құрылыстарын салудың жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр. Көкшоқы ықшамауданына 2,8 шақырым су желісі тартылып, 3,7 шақырым кәріз салынды. Бұл ауданды сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметі.

Биыл қыркүйек-қараша айларында аудандағы 53 көшеде 22 шақырым қашықтыққа және 60 аулаға сыртқы жарық тартылған. Келер жылы ұзындығы 192,5 шақырым болатын 154 көшеге жарық тартуды аяқтау жоспарланып отыр.

Бақытжан Сағынтаев, Бостандық ауданы
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Алтай Рахымбетовтің мәліметінше, медицина қызметінің сапасын жақсарту үшін Алматы онкология орталығы ғимаратының жанындағы қосымша нысанның құрылысы аяқталды. Бұл ғимаратта стационар және радиология зертханасы орналасқан. Оның бәрі түгел медициналық жабдықпен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге қалалық психикалық денсаулық сақтау орталығына 150 орындығы бар қосымша нысан пайдалануға берілді. Жаяу қашықтықта медициналық қызмет көрсету үшін екі медициналық диспансер ашылған. 2020 жылдың бірінші тоқсанында «Атамекен» мен «Сакура» тұрғын-үй кешендерінде дәрігерлік амбулаториялар ашу жоспарланып отыр.

Бүгінгі кездесуге ауданның 500 тұрғыны қатысты. Тұрғындар Atakent орталығы аймағына өтетін жолды ашуға өтініш айтты. Қала әкімі Atakent-тің бастапқы мақсаты сауда емес екенін түсіндірді. Бұл орын көрме өткізумен бірге азаматтардың белсенді демалуына да қызмет етеді. Сол себепті орталық аумағына автокөлік кіргізу мәселесі қарастырылмайды.

Халық арасында Тимирязев көшесіндегі BRT-ға қатысты түрлі пікір бар. Бақытжан Сағынтаев жаңадан салынған жүрдек автобус жолы өзгермейтінін, сол күйі қалатынын айтты.

Алматы әкімі аудан тұрғындары көтерген көп мәселені «Бюджетке қатысу» жобасы аясында шешуге болатынын айтты. Бостандық ауданының тұрғындары жалпы құны 1 миллиард теңге болатын жобаларды ұсынды. Олардың ішінде 100 миллион теңгенің ұсыныстары бекітілді. Айта кету керек, ұсыныстарды жүзеге асыру үшін әр ауданға 500 миллион теңгеден бөлінеді.

Бақытжан Сағынтаев кейінгі 6 айда қаланың әр ауданында екі реттен кездесу өткізді. Алғашқы кездесулерге 3,5 мың қала тұрғыны қатысып, 880 сауал қойылған еді. Қарашадан басталған екінші кездесулерге 3,8 мың адам қатысып, 785 мәселе көтерілді. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғындар айтқан шағымдар бойынша іс-шара жоспары бекітіледі.