9 тамызда Алматыдағы «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығы аумағында «Журналистер аллеясы» ашылды. Аллея — Алматыдағы БАҚ өкілдеріне арналған алғашқы жасыл аймақ. Шара «Атакент достары клубы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылды.

Шара аясында ақпарат құралдарының өкілдері 67 алма ағашы көшетін екті. БАҚ-тың толық тізімі тақтайшаға жазылып, бір аптадан кейін қойылады. Бұл шара «Атакент» аумағын модернизациялау және кешеннің экология жағдайын қалпына келтіру үшін ұйымдастылып отыр.

Бұл күні «Атакент» аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын және азаматтарды егіншілікке үйрететін алғашқы үлгідегі ферма да таныстырылды. Ферма аумағында Алматы тұрғындары ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алады, түрлі мастер-класс өткізеді, ашық аспан астында демалып, тіпті, осы мекемеде жұмыс істей алады.

Ферма «БізАлматы» жобасының қаржылай қолдауымен құрылды. Жобаны Британ кеңесі, Алматы әкімдігі, Алматының даму орталығы және Қазақстан-Британ технологиялық университеті сияқты серіктестер коалициясы жүзеге асырды.

Айта кетейік, мұндай фермалар — жаңа тренд. Қарқынды дамушы елдер көкөніс пен жасыл желекті қалалық жерде, үйлердің төбесінде және ғимараттардың жертөлесінде өсіруді экономика және экология жағынан тиімді әдіс ретінде пайдаланады.