Кадр резервіне басында өтініш берген 13 мыңнан астам адамнан финалға 330-ы жетті. Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Президенттің жастар кадр резервіне 300 үміткер алынды.
Анар Жайылғанованың мәліметінше, соңғы кезеңде үміткердің мемлекеттік қызметте, ұлттық компаниялар мен холдингілерде жоғары лауазымдарға және жергілікті атқарушы органдарда, тіпті аудан деңгейіндегі лауазымдарға орналасуға дайындығы, адам ресурстары саласындағы сарапшылардың ұсынымы, елдегі сала бойынша сұранысқа қарай қатысушы таңдаған бағыты, инновациялық потенциалы, жетістіктері және басқа да көрсеткіштер есепке алынды.
Резервшілер тізіміне жеке сектордан 102, квазимемлекеттік сектордан 98 өкіл және 96 мемлекеттік қызметші кірді. Үміткерлердің 57%-інің алдыңғы қатарлы шетелдік білімі бар, 43%-і — Қазақстан жоғары оқу орындарының түлегі.
Іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы 31-де. Резервшілердің экономиканың түрлі саласы бойынша айтарлықтай тәжірибесі бар. Олардың көбі ірі шетелдік және трансұлттық компанияларда жұмыс істейді немесе жұмыс істеген.
Қатысушылар арасында еліміздің барлық өңірінің өкілі, сонымен бірге Әзірбайжан, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Түркия және Франция азаматтары бар.
Президенттің жастар кадр резервіне алынғандардың тізімі Pkrezerv.kz сайтында жарияланды.
Іріктелген 300 үміткер салалар бойынша сараланып отыр. Олардың кейбіреуі жақын арада мемлекеттік лауазымға тағайындалады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2020 жылдың бірінші тоқсаны ішінде әрбір резервші үшін құзыреттерді дамытудың жеке жоспарын жасайды. Мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың жауапты лауазымдарына резервшілер карьера бойынша біртіндеп өсу жолымен тағайындалады. Агенттік резервшілердің қызметте ілгерілеуін қадағалайды.
Резервшілердің бір бөлігі қысқамерзімді курстан өтеді немесе Мемлекеттік басқару академиясы базасында білім алады.
Президенттің жастар кадр резервіне іріктеу 6 кезеңнен тұрды: құжат қабылдау, қабілетті тексеру, тестілеуді верификациялау, потенциалды бағалау, Сарапшылар комиссиясы мүшелерімен әңгімелесу және Президенттің жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы.
Кезеңдердің бірінде қатысушылар жоба қорғады. Жобалар «ақылды қаланы» дамыту, көлік инфрақұрылымы, денсаулық сақтау, білім беру, туризм, шағын бизнесті қолдау және тағы басқа мәселелерге қатысты болды.
Еске сала кетейік, Президенттің жастар кадр резервіне іріктеу биыл қыркүйекте басталды. Жобаның стратегиялық мақсаты — тиімді менеджерлердің жаңа толқынын қалыптастыру, еліміздің жаңа буыны үшін пәрменді әлеуметтік лифтілер жүйесін құру, басқарушы болуға қабілетті талантты және креатив жастарды іріктеу.