Президент кадр резервіне іріктелгендерді жұмысқа алуды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғановамен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Анар Жайылғанова Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президенттің жастар кадр резервін жасақтау конкурсының өткізілуі туралы баяндады. Мемлекет басшысы әділ әрі ашық байқау өткізіп, ең үздік кандидаттарды іріктеу және таяу жылдары оларды жұмысқа орналастыру мәселесін шешу қажет екенін айтты.

Еске салайық, бұған дейін Президенттің жастар кадр резервіне іріктеудің екі кезеңі аяқталғаны хабарланған еді. Резервке о баста 13 212 адам өтініш берген. Олардың 7 312-і тіркеуді толық аяқтады. Үміткерлердің арасында шетелде жүрген Қазақстан азаматтары да бар. Әсіресе Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Түркия сияқты елдерде жүрген Қазақстан азаматтарынан көп өтініш түскен. 3-кезеңге 549 үміткер өтті. Олардың тізімін Pkrezerv.kz сайтынан көруге болады. Ұлттық комиссия Президент резервіне барлығы 300 үздік жасты іріктейді.