Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде астана үйлеріне газ қалай берілетінін айтты. Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір қалада газ тарату желісі салынып жатыр.
Газдандыру 3 кезең бойынша жүзеге асырылады.
Газдандыру — қала мен жалпы ел үшін стратегиялық маңызды жоба. Қаланы қазірдің өзінде түтін басқаны байқалады, ол қоршаған ортаны ластап, тұрғындарға зиянын тигізіп отыр. Газдандыру ауаға таралатын зиян қалдықты 6 есе азайтып, қатты қалдықты 40 мың тоннаға азайтады. Келесі жылу маусымында ЖЭО-1,2, Көктал-1,2, Агрогородок, Промышленный, Железнодорожный, Оңтүстік-шығыс тұрғын үй алаптары газбен жылытылады деп жоспарлап отырмыз, — деді Алтай Көлгінов.
Екінші кезеңде газ Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар, Тельман, Пригородный, Garden Village және Family Village тұрғын үй алаптарына жеткізіледі.
Үшінші кезеңде Үркер, Шұбар, Өндіріс тұрғын үй алаптары газдандырылады. Іске асыру мерзімі — 2020-2023 жылдар.
Жобалаушылардың айтуынша, газ тарату желісі көшелер арқылы үй қоршауларына дейін тартылады, қоршаудан үйге дейін газды тұрғындардың өзі қосып алуы керек. Әкімдік тұрғындарға есептегіш құралдарды тегін орнатып береді.