Дональд Трамп Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады

АҚШ Президенті Дональд Трамп жеделхатында елінің және жеке өзінің атынан Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен құттықтап, екі ел арасындағы «берік серіктестіктің арқасында кейінгі 12 ай ішінде қол жеткен жарқын жетістіктерді зор қуанышпен атап өткікісі келетінін» айтқан.

Біздің ядро қаруын таратпаудан бастап терроризммен күреске дейінгі мәселелерді шешу ісіндегі ынтымақтастығымыз әлемді едәуір қауіпсіз әрі тұрақты етті, — делінген оның жеделхатында.

Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде Тәуелсіздік мерекесін алғаш атап өтіп отырғанын да айтып, келер жылдың табысты болуын тілеген.

Америка Құрама Штаттары сізбен және Қазақстан халқымен жемісті жұмыс істеуге дайын. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Қазақстанның болашағы жарқын әрі табысты болады деп сенемін, — деген Дональд Трамп.

Үндістан Президенті Рам Нат Ковинд Қазақстанға арнаған құттықтауында екі ел арасындағы өзара байланыстардың тарихи арқауы берік екенін айтты.

Үндістан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тарихи және мәдени байланыстарға негізделген. Екі ел арасындағы көпжақты және екіжақты қатынастар стратегиялық серіктестікке ұласты. Ынтымақтастығымыз одан әрі нығая түсетініне сенімдімін, — делінген Рам Нат Ковиндтің хатында.

Испания Королі Фелипе испан халқы мен Үкіметінің атынан Қасым-Жомарт Тоқаевты Тәуелсіздік күнімен құттықтап, достас Қазақстан жұртына бейбітшілік және бақ-береке тіледі.

Сингапур Республикасының Президенті Халима Якоб Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, болашақта екі ел арасындағы байланыс нығая түсетініне сенім білдірген.

Сингапур мен Қазақстан арасында жақсы достық қарым-қатынас орнаған. Екі ел арасында тауар айналымы ұлғайып, құқық және қаржы салаларындағы ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанына қуаныштымын. Халықтарымыздың игілігі үшін өзіңізбен бірлесіп жұмыс істеуге және байланыстарымызды одан әрі арттыра түсуге ниеттіміз, — деп жазған Халима Якоб.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Австрия Президенті Александр Ван дер Беллен де жеделхат жолдаған.

Екі ел арасындағы барлық сала бойынша қарқынды дамып келе жатқан ықпалдастықты, оның ішінде экономикалық ынтымақтастықты табысты дамыта береміз деп сенемін, — делінген Австрия Президентінің жеделхатында.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен Австралия Одағының Генерал-губернаторы Дэвид Херли де құттықтады.