Испания короліне Назарбаевтың сәлемі жеткізілді

СІМ мәліметінше, Қазақстан Елшісі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін испандық монарх пен оның әкесі Король I Хуан Карлосқа жолдап, Елбасының туған күні мен Астананың 20 жылдығына орай жылы құттықтауы үшін Мемлекет басшысы атынан Король VI Фелипеге тағы да алғыс білдірді.

Ал Король өзінің Қазақстанға сапары мен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрменің ашылу салтанатына қатысуын жылы лебіздермен еске алатынын хабарлады.

Кездесу барысында оған Сыртқы істер, Еуропалық Одақ және ынтымақтастық министрі Жозеп Борелл де қатысты. Тараптар бірқатар екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық проблемалардың өзекті мәселелерін талқылап, 2009 жылы қол қойылған Стратегиялық әріптестік жөніндегі келісімнің негізінде қалыптасқан достыққа құрылған және серпінді дамып келе жатқан Қазақстан-Испания қатынасының сипатын атап өтті, — делінген хабарламада.

Мұнымен қоса сауда-экономикалық байланыстардың дамуына ерекше көңіл бөлініп, биыл 27 қыркүйекте кезекті отырыстары Астанада өтетін Экономика және өнеркәсіп саласындағы үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес сияқты құрылымдардың маңыздылығы баса айтылды. Король VI Фелипе біздің еліміздің халықаралық дипломатия саласындағы жемісті жұмыстарын жоғары бағалап, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметі мен дінаралық диалогты нығайту бойынша күш-жүгерін айрықша атап өтті. Осы ретте, Монарх Қазақстанға Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезін Астанада табысты өткізуіне тілектестігін білдірді.

ДереккөзTengrinews.kz