Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысушылар баспасөз мәслихатын өткізіп, азаматтарды 16-17 желтоқсан күндері қоғамдық тәртіпті бұзбауға, бүлік шығармауға үндеді.

Халық қаhарманы Қайрат Рысқұлбековтің інісі, «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Талғат Рысқұлбековтің айтуынша, билікке өкпесі бар азаматтар талабын басқа күні білдіруіне болады.

16 желтоқсан Тәуелсіздік күні, 17 желтоқсан Желтоқсан құрбандарын еске алу күні деп белгіленген. Бірақ қазір Тәуелсіздік күні жетім қыздың тойындай өтіп жүр. Ең сорақысы — билікке өкпесі қара қазандай адамдар дәл осы күндері заңсыз митингіге шығып, талаптарын айтып жүр. 5-6 жыл бұрын алаңға шығып жүрген оппозиционерлерге бұл дұрыс емес екенін айтқанбыз. Өйткені дәл осы күні Желтоқсан оқиғасында қаза тапқан, мүгедек болып қалған қаншама азаматтың ата-анасы, туған-туысы мен бауыры аза тұтады. Еске алады. Мұны сезіну үшін сол көтеріліс кезінде сіздердің де бауырларыңыздың, ұл-қыздарыңыздың немесе ата-анаңыздың өмірден өтуі немесе мүгедек болуы міндет емес деп ойлаймын. Бір апта сізбен ешкім сөйлеспей қойса, қандай күйде болар едіңіз? Желтоқсан оқиғасынан кейін «халық жауының» отбасы деп 5,5 жыл бойы бізбен, Рысқұлбековтер әулетімен ешкім араласпады. Туған-туыстарымыз теріс айналды. Сол себепті билікке шағымы болса, басқа күні митингіге шықсын. Ал 16-17 желтоқсан күндері олар алаңның маңына жақындамасын. Алаңға Желтоқсан құрбандарын еске алу үшін, Тәуелсіздікке тағзым айту үшін келсін, — деді Талғат Рысқұлбеков.

Талғат Рысқұлбеков
Талғат Рысқұлбеков. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Ал Желтоқсан көтерілісіне қатысушы, республикалық «Желтоқсан-86», «Тәуелсіздік қырандары», «Халық қаhармандары» қозғалысының жетекшісі Гүлбаhрам Жүністің айтуынша, 16-17 желтоқсан күндері халық қара жамылып отырмауы керек. Керісінше, осы күндерді азаматтар мереке деп сезініп, бір-бірін құттықтауы керек.

Қазақ үшін 16 желтоқсан бір кездері қасіретті күн болған шығар, қазір бұл — қасиетті күн. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан мен сияқты азаматтарға және көтеріліс кезінде қаза тапқандардың, зардап шеккендердің туған-туыстарына «қаралы күн» деген сөз ұнамайды. Бұл «еске алу күні» болуы керек. Дәл осы күні тәуелсіз ел болдық. Қазақстанмен бірге КСРО-ның құрамында болған өзге мемлекеттерде түрлі кездесуге қатысып жүрміз. Олардың айтқан сөзі есімізде. Олар қазақ халқының, қазақ жастарының арқасында біз де тәуелсіздік алдық деп айтады. Көпшілік 16-17 желтоқсан күндері елдегі проблеманы айтып, бүлік шығармауы қажет. 16 желтоқсанда халық бір-бірін құттықтап, мереке деп сезінсе екен деймін. Ал 17 желтоқсан күні Желтоқсан көтерілісі кезінде қаза тапқандардың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл қойып, Құран бағыштауы қажет, — деді Гүлбаhрам Жүніс.

Гүлбаhрам Жүніс
Гүлбаhрам Жүніс. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Айта кетейік, 2019 жылы 16 желтоқсан күні сағат 10.00-де Тәуелсіздік монументінің алдында мерекелік іс-шара өтеді. 17 желтоқсанда cағат 10.00-де «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші алдында Желтоқсан көтерілісі құрбандарын еске алу шарасы болады. Содан кейін «Жұлдыз» дәмханасында олардың рухына Құран бағышталып, ас беріледі.

Еске салайық, бұған дейін Гүлбаhрам Жүніс 9 мамыр — Жеңіс күні азаматтарды бүлік шығармауға шақырған еді. Желтоқсан оқиғасына қатысушының айтуынша, майдангерлер рухына тағзым ететін қастерлі мерекені басқа саяси мақсатқа пайдалану дұрыс емес.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!