Оқымай-ақ өткізіп жіберуге болатын кіріспе бөлім
Ми — денеміздегі ең көп энергия тұтынатын мүше. Адам салмағының бар болғаны шамамен 50-ден бір бөлігін алатынына қарамастан ол тыныш жағдайда, мәселен, сіз төбеге қарап, төрде демалып жатқанда бүкіл ағза қуатының 9%-ін жұмсайды. Ал әлдебір мәселенің шешімін таппақ болып, жанталаса бастасаңыз, ми «құртатын» энергия үлесі 25%-ке бір-ақ көтеріледі. Сол себепті «сұр зат» адамның тамақ ішіп, тынығып, әрең жинаған қуатын оңды-соңды шаша беруді жаратпайды.
Ми — өте қу және тапқыр орган. Аса зор биологиялық мұқтаждық болмаса, артық іс-қимылға энергия жұмсауды жөн көрмейді. Керісінше, оны барынша үнемдеуге тырысады. «Оңтайландыру, оңтайландыру және оңтайландыру» — мидың басты ұрандарының бірі. Сондықтан біз айналадағы ондаған-жүздеген детальді көзіміз көріп тұрса да, байқай бермейміз, есте сақтап қалмаймыз; кез келген ақпаратты түрлі ортақ қасиеті бойынша топтастыруға тырысамыз (бай-кедей, 18-25 жас аралығы, қала мен ауыл тұрғындары және тағы басқа); оқыған-көрген деректеріміздің ішінен ең қатты әсер еткен немесе ең жиі қайталанған немесе болашақта тірі қалуға көмектеседі-ау дегенін ғана жадымызға жазып аламыз; қандай да бір күрделі мәліметті барынша қарапайымдап барып қорытуға тырысамыз. Сондықтан бұдан былай өзіңізді «неге ағылшынша сөз жаттамадым, неге сондай жалқаумын!?» деп қажай бермей, «миым оптимизация процестерін жүргізіп жатыр» деп ақтап алуыңызға болады.
Эволюция теориясын түсіндіру, жеткізу мен тәпсірлеудің бір проблемасы осында. Жоғарыдағы бір-екі абзацты оқығанның өзінде сізде сан сауал туындауы мүмкін. Ал шатасып-бытысып жатқан ғылыми терминдер мен «ақылды» сөздерден, ондаған ғылымның өзара сабақтасып-салаласып, бірінің шекарасына бірі кіріп, бірі шығып, қойыртпақ болып жатқанынан тұратын «түрлердің табиғи сұрыпталуы туралы» теория қалың көпшілікті күрделілігімен, шет-шегі жоқ ілім болып көрінетінімен қорқытады. Мидың басты міндеттерінің бірі — сізді ұрпақ қалдыра алатындай етіп аман сақтап қалу. Ал оны эволюция теориясын оқымай-ақ жасауға болады. Сондықтан ми иесіне «Болмайтын іске артық энергия жұмсаудың қажеті жоқ. Тіпті білгің келіп бара жатса, мә, мына жерде адамзаттың неге кемеңгер, данышпан тіршілік иесі екенін және құдіретті жолмен қалай жаратылғанын екі ауыз сөзбен түсіндіріп береді» деп, әлдебір балама концепцияны ұсына салады. Себебі солай жеңіл.
Алайда одан эволюция теориясы, жүздеген ғалымның мыңдаған дәлел-дәйегі мен ашқан жаңалығы ешқайда жоғалған жоқ. Керісінше, бұл ғылым жыл өткен сайын күшейіп, түрленіп, қанат жайып келеді және бұрынғыдай «бөлектенуді», саяқ жүруді қойып, көрген-зерттегенін халыққа оңай, жеңіл тілмен түсіндіруге тырысып жатыр. Әрине, қарсы пікір иелері де қарап қалып жатқан жоқ: барынша белсенді болып, эволюция ережелерін жоққа шығарып, түсінік-танымдарын, аргументтерін алға тартып, дауласып бағады. Олардың тарапынан айтылатын, кең таралған, «мат қойғыш» сұрақтардың бірі — «Адам маймылдан жаралса, неге қазіргі маймылдар адамға айналып кетпейді?». Біз бүгін осы сұраққа жауап беріп көрейік.
Адам маймылдан жаралған ба?
Жоқ. Иә. Қай маймылды айтып отырғаныңызға байланысты.
«Жоқ» дейтініміз — қазіргі 500-ге жуық түрден тұратын және «маймыл» дегенде көз алдымызға елестейтін приматтар отрядында біздің арғы атамыз кездеспейді. Олардың бәрі — түпкі шыққан тегіміз бір туыстарымыз ғана. Мәселен, бізбен бірге гоминидтер тұқымдасына кіретін шимпанзе һәм горилла — ең жақын «бауырларымыз», ал гиббон-макакалармен сәл арыдан туысамыз. Біз олардан жаралған жоқпыз және олар да адамға айналмайды, себебі шыққан тегіміз бір болғанымен әр тармақ өзіне ғана тән бірегей жолды жүріп өтті, жүріп келеді.
«Иә» дейтініміз — адамзаттың арғы тегі (мысалы, адамтектес және мартышкатектес маймылдардың ортақ атасы Сааданий (Saadanius hijazensis) маймыл болған. Маймыл «аталар» қазір тек қазба жұмысы кезінде табылады және музейлер мен ғылым орталықтарында ғана кездеседі.
Жалпы, адамның өзі — ғылыми тұрғыдан алғанда маймыл. Әрине, анатомиялық ерекшеліктеріміз бар (ми құрылымымыз басқаша; азу тістеріміз кішірейген; екі аяқпен жүру қабілетіне ие болғанбыз және тағы басқа), материал және бейматериал мәдениетіміз дамыған, анық сөйлейміз, абстракт ойлай аламыз. Әйтсе де, біз маймылмыз және орангутан мен бабуин бір-бірінен қалай ерекшеленсе, біздің жоғарыда атаған айрықша қасиеттеріміз де адамзатты басқа приматтардан солай оқшаулап тұр.
Адамның пайда болуы — аса ауқымды және күрделі тақырып. «Эволюция сабақтары» аясында бұл бағытқа кеңінен тоқталамыз.
Маймыл неге адам болып кетпейді?
«Зообақтағы маймылдар неге адамға айналмайды? 30 жылдың ішінде сен екеуімізге ұқсап өзгерген 30 маймылдың шықпағаны ма? Адам маймылдан жаратылды деген — оттаған әңгіме!». Эволюция теориясын жақтаушылардың жиі еститін сөзі.
«Дарвин және Компанияның» мұрасы мен олардың ізбасарлары жылдар бойы жинақтаған террабайт-террабайт ақпаратты маймылтектес болғанына қорланатын жандар жиып-теріп осы бір сұраққа сыйғызып жібереді, яғни эволюция теориясының бар мән-мағынасы, құндылық-маңызы «маймылдың неге адамға айналмайтынында» тұрғандай көрінеді.
Әр түрдің эволюциялық тарихы — қайталанбас жол және ол алуан түрлі мыңдаған фактор мен кездейсоқ оқиғаларға байланысты түзіледі. Шыққан тегі бір болса да, әр отряд, әр тұқымдас, әр кластың өзіне тән бірегей жолы бар. Тіпті бір түрге жататын екі қоңызды алып, біреуін шөл далаға, екіншісін жауын-шашынды тропик аймаққа жерсіндіріп жіберсеңіз, ұзақ уақыттан кейін (500 жыл? 5000 жыл?) олардың түрлі эволюциялық бағытта дамығанын, әрқайсысының өзі тап болған ортаға бейімделгенін көрер едіңіз (мәселен, шөлдегі қоңыз тек түнде жер бетіне шығады, ал тропик қоңызы сауытының түсін жасылға бояп алуы мүмкін).
Сондықтан барлық ағаштың қарағай, барлық жәндіктің инелік болмайтыны сияқты, барлық маймыл адамға айналған жоқ, біреуі ғана біздің бабамыз болды. Маймыл атаулының өз эволюциясын адамзатқа ұқсатып қайталауы қажет те емес. Неге маймыл адам болуы керек? Әр примат түрінің өзіне тән тағдыры бар. Миллиондаған жыл бойы сұрыптау оларды осы күнгі кейіп-қасиеттеріне әкеліп отыр. Бала тауып, оны бағып-қағып, өз қолы өз аузына жеткенше асырау үшін басқа маймылдарға адамға айналудың еш қажеті жоқ.
Жалпы, «Маймыл неге адамға айналмайды?» деген сұрақтың өзі бірнеше қате тұжырымнан туындайды:
1) эволюция кей адам ойлайтындай даму дегенді білдірмейді. Эволюцияда ешқандай мақсат жоқ. Ол тіпті қарапайым ағзалардың күрделі түрге өтуін де қарастырмайды (көп аң мен өсімдік эволюция барысында дамымаған, керісінше, қарапайым бола түскен). Эволюция — бейімделу. Жалғыз мұраты — тіршілік иесінің ұрпақ қалдыруы және сол мақсатта мүмкіндігінше ұзақ өмір сүруі. Ал бұл үшін әлдебір аңға 30 күннің 29-ын жер астында ұйқыда өткізіп, тек бір күн сыртқа шығу ең қолайлы әдіс болса, эволюция соны қош көреді;
2) кей адам Жердегі тіршілікті шежіре таратқандай «ананың орнына мынау келді, мынаның орнына үшінші біреу келді» деп бір тізбектің бойымен тарқатып түсіндіріп отырады. Жоқ. Тарихтағы ең жиі кездесетін жағдай — жаңа түр басқа бір түрдің орнына емес, соған қосарлас пайда болып, қатар дамып отырған. Жер бетінде аң-құс, жануар-жәндік, өсімдік-ағаш түрлерінің соншалықты көп екені осыған байланысты. Адам да басқа бір маймылдың орнын басқан жоқ, ол приматтардың тобына қосылып, басқа туыстарының қатарынан орын алды;
3) неге екені, көп адам эволюцияның түпкі мақсаты адамға айналу деп түсінеді. Бұл — қате пікір. Әрине, қайдан шыққанымызға үңіліп келіп жіберсек, әуелі біржасушалылардың, одан алғашқы хордалылардың, одан алғашқы балықтардың, одан алғашқы құрлық иелерінің, одан алғашқы рептилиялардың, одан алғашқы сүтқоректілердің, одан алғашқы приматтардың, одан алғашқы маймылдардың, одан алғашқы адамтектес маймылдардың, одан адамның пайда болғанын көреміз. Алайда басқа кез келген тіршілік иесін, мәселен, мысықты немесе раушан гүлін алсаңыз, дәл осындай, өзіне тән, бірегей тізбекті байқар едік.
«Жердегі тіршілік пирамида сияқты және оның ұшар басында адам тұр, басқалар адам болуға ұмтылады» деу — жаңсақ тұжырым. Жердегі тіршілік — бір уақытта қатар жүріп-тұрып, ұрпақ өргізіп, ауада, суда, топырақта, ағашта, мұзда, балшықта, тағы басқа алуан түрлі ортада тірі қалудың амалын жасап жатқан өмір иелері. Адамға басымдық беріп отырған жалғыз қасиет — санасы. Ол да сырттан келген, ауыз ашып, көз жұматын сый емес. Саналы адамның қалай пайда болғанын алдағы сабақтарда кеңінен әңгімелейміз.
Қолымызды ұзақ уақыт суда ұстасақ, саусақтардың басы осылай әжімденіп кетеді. Нейробиолог Марк Чангизи мен оның әріптестері мұның бейімделу екенін дәлелдеді. Саусақ ұшындағы әжім протектордың ролін атқарады, яғни сулы жерде әлденені ұстағанда қол тайып кетпейді. Бұл — приматтарға, нақтырақ айтқанда, адамдар мен макакаларға тән қасиет.
Әрине, адамда басқа аңдарда жоқ қасиет-қабілеттер бар. Мысалы, ең күрделі сөйлеу жүйесін немесе қолымыздың қарпып ұстауға бейімделген саусақтарын не миллиондаған жыл бойы дамытып алған миымызды мақтан етуге болады. Алайда мұндай ерекше дүниелер басқа да жануарларда бар. Бірге-бір, еш қарусыз төбелесетін болсақ, бауырлас маймылдардың көбі бізді тас-талқан қылар еді — қара күшке кемшінбіз. Ал 100 метрге жүгіру жарыстарында адамзат тізімнің соңында жүреді — жылдамдығымыз төмен.
Адам — жолы болып кетіп, толық санаға ие болған алғашқы мақұлық. «Кіммін мен? Не үшін жаратылдым? Қалай пайда болдым?» деп бас қатыра алатынымыз — сол дамыған зерденің арқасы. Бір кездері мәжбүрлі түрде шөп жеуден ет жеуге өтпегенде қазір, бәлкім, артық сұрақпен миымызды ашытпай, саваннаның жаңғақ-жапырағын күйсеп жүрер едік те, санаға қол жеткізген басқа бір маймыл түрі, мәселен, капуциндер «Ақыл неге маған бұйырды? Менің мына жабайы адамдардан артықшылығым неде?» деп жағын таянып, ойланып отырар ма еді, кім білген…
Маймыл енді қалай дамиды? Саналы жануарға айнала ма?
Белгісіз. Ол түрлі факторға байланысты. Біреулері адамзаттың кесірінен жойылып кетуі мүмкін. Енді бір маймылдар өмір сүру ортасын, дағдысын өзгертуі ықтимал. Біз «неге адамға айналмайды?» деп айыптайтын приматтардың көбі ұзақ өмір сүретін жануар деп есептеледі. Сондықтан олардың қандай эволюция жолын таңдайтынын тек жүздеген-мыңдаған жыл бойы бақылау нәтижесінде анық айтуға болады. Ал біздің табиғат аясындағы шимпанзе өмірін зерттей бастағанымызға 100 жыл да болған жоқ.
Жалпы, көп ғалым Жер бетінде адамнан басқа саналы тіршілік иесі жақын арада пайда болуы неғайбыл деген пікірде. Себебі ойлау қабілеті бар жануар нишасын біз иемденіп алғанбыз және ғайыптан тайып саналы бола қалған басқа түрді қасымызға қосып алуымыз екіталай. Әрине, адамзат бөгет жасамаса немесе өзі жойылып кетсе, ең бастысы, эволюциялық мұқтаждық болса, миллиондаған жылдан кейін ақыл-сананы иемденген тағы бір жануар пайда болуы мүмкін. Оны өздері көре жатар.