Бұл — Лео. Ол үш жастан асқан. Оның атын атап шақырсаңыз, жерге аунап еркелейді. Лео тордағы бөренелерге секіріп ойнағанды жақсы көреді. Ол күнде ет пен сүтке араластырылған жұмыртқа жейді.

леопарт Алматы зоопрак
Лео. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Алматының хайуанаттар бағында Құрманбек, Герда деген аюлар және олардың балалары Николь мен Никольсон өмір сүреді. Олар күніне екі мезгіл тамақтанады. Аюлардың таңғы ас мәзірінде ет, балық, ботқа болса, 13.00-ге таман сәбіз, алма мен бал жағылған нан жейді.

Хайуанаттар бағы жұмысшыларының айтуынша, қоңыр аюлар күніне бір бөлке нан жесе, ақ аю төрт бөлкені тауысып қояды. Бағушы Гүлназаттың айтуынша, Құрманбек суға шомылғанды жақсы көрсе, оның балалары Николь мен Никольсон шар жарып, бөтелкемен ойнағанды ұнатады.

Аю. Алматы зоопрак
Құрманбек. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Аюлар тіл түсінеді. Құрманбектің көңіл-күйі болмаса, тыңдамай қалатын кезі болады, тордың ішіндегі есікті ашып-жауып, мінезін көрсетеді. Николь мен Никольсонды кішкентайынан бағып келе жатырмын. Кейде екеуі төбелесіп қалады. Тамақтарын бөлек-бөлек бермесе, таласып қалады. Кейде торларына шар, қыста шырша іліп қойсақ, жарып, шашып тастайды. Пластмасса бөтелкеге алма толтырып төбеге іліп қойсақ, алманы шашып, ойнайды, — дейді Гүлназат.

Гүлназаттың хайуанаттар бағында аюларды бағып жүргеніне сегіз жыл болыпты. Олар біраз уақыт көріспесе, бір-бірін сағынады.

Аю. Алматы зоопрак
Николь. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Аюларды бір ай демалысқа кеткенде сағынамын. Мені ұмытып қалған шығар деп ойлаймын. Жоқ, демалыстан келсем, алдымнан атып шығып, маған қарай жүгіреді. Бұлар жақсылықты ешқашан ұмытпайды, — дейді ол.

Алматы хайуанаттар бағында Хамзат, Дана, Арси, Лили мен 7-8 айлық Мая, Гера, Хави есімді жеті арыстан бар. Оларға күн сайын сағат 10.30 шамасында мал еті, кейде тауық еті беріледі. Ал кішкентайлары сүт ішеді.

Арыстандарды бағушы Жазираның айтуынша, Мая, Гера мен Хави ойнағанды жақсы көреді. Ал ересектері бөренелерге созылып ойнап, соның үстінде ұйықтайды екен.

Арыстан Алматы зоопрак
Мая мен Хави. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Оларға домалақ, қатты доп беріп қоямыз. Жұмсақ ойыншықтарды жұтып қоя ма деп қорқамыз. 3-4 айлығында арыстандар жүретін тордың ішіне кіретінбіз. 7-8 айынан бастап тамағын есігінің алдына қоямыз. Сол жерден өздері жейді, — дейді Жазира Әлменбаева.

Оның айтуынша, хайуанаттар бағына сағат 14-15.00-де келген қонақтар арыстандардың жатып алатынына ренжиді екен.

Арыстандар түске дейін ойнап, шаршайды. Сондықтан сағат 12-13.00 шамасында олар демалады. Тамағын ішіп болған соң кешке дейін ұйықтайды. Бұған хайуанаттар бағына сағат 14-15.00-де келген қонақтар ренжиді. Кейбірі «жануарларды қамап қойғасын, өлімсіреп жатыр» деп ойлайды. Оны оятамын деп тас лақтырады, — дейді Жазира.

Мұнда Аружан мен Лау атты піл бар. Үйретушісінің айтуынша, олар өте ақылды, ешкімге агрессия көрсетпейді. Бөгде адамнан қорықпайды, керісінше, жақсы көреді екен. Аружан мен Лаудың күнделікті рационында картоп, сәбіз, алма, банан, нан мен шөп бар. Олар үйретушісінің айтқанын бұлжытпай орындайды.

Піл Алматы зоопрак
Аружан. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Киік (ақбөкен) — Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген жануарлардың бірі. Алматыда оның бес аналығы мен екі аталығы бар. Киік ТМД-дағы барлық хайуанаттар бағының ішінде жалғыз Алматыда ғана бар. Басқа жерде табиғаттан немесе қорықтардан кездестіруге болады. Тұяқтылар бөлімінің зоотехнигі Ерлан Кеңесбектің айтуынша, бұл жануарды хайуанаттар бағына бейімдеу оңай емес.

сайгак киік Алматы зоопрак
Киік. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Олар қорқақ, сезімтал, күйзеліске бейім емес. Оқыс қимыл жасаса, секіріп бара жатып, құлап немесе мүйізін сындырып алуы мүмкін. Мұнда олар бағушысына үйренген, солар келгенде ғана қатты үркімейді. Киіктер күніне бір рет тамақтанады. Оларға сәбіз, ұнтақталған жем беріледі. Ауырып немесе қоңдылығы төмендесе, күніне екі рет азық беріледі, — дейді ол.

Бақта жануардың саны көбейсе, басқа мемлекеттік немесе жекеменшік хайуанаттар бағына сыйға беріледі, кейде сатылады. Құстар бөлімінің меңгерушісі де бұл сөзді растады.

Киіктер қараша, желтоқсан айларында күйлейді. Сол кезде аталық пен аналығын бір торда ұстаймыз. Ұрықтанды деген уақытта ажыратамыз. Бәрін бір торда ұстауға болмайды. Бір-бірімен төбелесіп, сүзісіп, әсіресе, азық алып келгенде сыймайды. Бәрі бір жерде азықтанса, таласып, бірі аш қалуы мүмкін, кейбірінің денсаулығы нашарлайды. Сондықтан зообақта алты киікке дейін ұстауға болса, қалғандарын қоятын жер болмағандықтан сыйлыққа береміз, кейде сатылады. Оның өзінде табиғаттан алынып келгені емес, осында туып, үйретілгендері ғана сатылады. Әйтпесе, заңсыз болады, — дейді Ерлан Кеңесбек.

Алматы хайуанаттар бағында бес жираф бар. Олардың біреуі аталық, екеуі аналық, қалғаны төлдері. Бағушының айтуынша, олардың денесі үлкен болғанымен қорқақ, өте сезімтал. Алматыдағы жирафтың төлдері басқа қаладағы зообақтарда жүр.

жираф Алматы зоопрак
Жираф. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жираф ауа температурасы +10 градустан түссе, суықтап, ауырып қалу мүмкін. Суықта қысқы аулада ұсталады. Күнделікті рационында сәбіз, картоп, орамжапырақ, пияз, нан мен алма бар. Жапырағы үзілмей берілуі керек. Бұл жануар зообақта 25-30 жыл, табиғатта аз өмір сүреді. Себебі онда мұндағыдай жағдай жасалмайды. Оның үстіне басқа жыртқыш аңдарға жем болуы мүмкін, — дейді Тұяқтылар бөлімінің зоотехнигі.

Қызыл қоқиқаз Қазақстан бойынша «Қызыл кітапқа» енген. Олар топ болып өмір сүреді. Құстар бөлімінің меңгерушісі Назгүл Елдееваның айтуынша, қоқиқаздың саны 20 болмаса, көбеймейді.

Қоқиқаз фламинго Алматы зоопрак
Қоқиқаз. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Құстардың саны 10-15 болса, көбеймей қояды. Топ болып өмір сүретіндіктен үш жыл бұрын жандарына үлкен айна орнаттық. Құстар айнаға қарағанда көп болып көрінуі үшін. Оның әсері болды. Кейін бір жұмыртқасынан жасанды жолмен Фима есімді қоқиқаз алдық. Қазір ол өсіп келе жатыр. Басында қоқиқаздар тобы оны қабылдамады. Кейін үйреніп кетті, — дейді Назгүл Елдеева.

Қызыл қоқиқаздардың рационында көбіне су жәндіктері, сәбіз, орамжапырақ, жұмыртқа, тары және әртүрлі жем бар. Құстар ұшып кетпеу үшін үш айда бір рет қанатын кесіп отырады. Назгүл Елдееваның айтуынша, олардың жағдайын көзіне қарап білуге болады.

Алматы хайуанаттар бағында тоғыз дәрігер жұмыс істейді. Ветеринар Асылбек Бекмұратов қызметі мен Қазақстандағы ең үлкен хайуанаттар бағы туралы сұрақтарға жауап берді.

Асылбек Бекмұратов
Асылбек Бекмұратов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

08.00-де жұмысқа келгеннен бастап, таңғы аралауға шығамыз. Жануарлардың жағдайын қарап, ауырып тұрғаны болса, анамнез алып, ем тағайындаймыз. Жағдайы нашар жануар жатысынан, көзінен, тамақтануынан және белсенділігінен байқалады. Мұндағы жануардың әрбірінің ветеринарлық кітапшасы бар. Онда ауру тарихы, қандай ем қолданылғанына дейін бәрі жазылады, — дейді ол.

Жыртқыш жануарларды қалай емдейді?

Дәрігер болғасын жануардың жыртқыш немесе қорқақ болғанына қарамастан бәрінен анализ алу керек. Әуелі жыртқыштарды арнайы препаратпен ұйықтатып аламыз, — дейді дәрігер.

Хайуанаттар бағындағы жануарларды табиғатқа жіберсе, не болады?

Зообақтағы жануарлардың жағдайы табиғатта жүргенге қарағанда әлдеқайда жақсы. Мұндағы жануарларды мекендейтін жеріне жіберетін болса, олардың 15-20%-ы тіршілік етіп кетуі мүмкін. Бірақ көбі дайын азықты жеп үйренгендіктен азығын өздігінен табуға бейімделмеген. Кейбірі басқа аңдарға жем болады. Саны азайып бара жатқан жануарлар табиғатта азығын таба алмай, өзін қорғай алмай, өліп кеткеннен гөрі, зообақта өмір сүргені әлдеқайда жақсы емес пе?!, — дейді Асылбек Бекмұратов.

Көшеден тауып алған немесе үйде жүрген жануарды баққа алып келуге бола ма?

Зообақта экспозициялық жануарлардың болғаны дұрыс. Бірақ бізге әкелінгеннің барлығын қабылдаймыз. Оны әуелі клиникалық тексерістен өткіземіз. Ауырып тұрса, карантинде емделеді. Егер жұқпалы аурумен ауырса, басқаларға зияны тиіп кетпес үшін амалсыз өлтіруге тура келеді, — дейді ветеринар.

Дәрігер хайуанаттар бағына келушілерге өтініш те айтты.

Қонақтардың жануарларға ештеңе алып келмегені жөн. Олар көбіне жануарларға жүгері, попкорн беріп жатады. Азық ондайды жеп жүрмеген жануардың тынысалу жолдарына тұрып қалуы мүмкін, — дейді дәрігер.