Қара құрдым деген не?

Қара құрдым (Black hole) — өзінен жарық шығармайтын және өзінің оқиға көкжиегіне түскен жарықты түгел жұтып алатын аспан денесі.  «Құрдым» сөзі «біткен, құрыған, жоғалтушы, жоюшы, тауысушы» деген мағынада айтылған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техника факультетінің оқытушысы Мұқағали Қаламбайдың айтуынша, қара құрдымның массасы өте жоғары, тартылыс күші өрісі тым жойқын болғандықтан алдынан шыққан ешқандай материя, магнитті толқын, жарық радиациясы одан қашып құтыла алмайды. Оның бетіне түскен жарық ешқашан кері шағылыспайды, жұтылып, сыртқа қайта шықпайды. Сондықтан ғалымдар оны термодинамикадағы абсолют қара дене ретінде есептейді. Құрдым өзін де көрсетпейтіндіктен «қара» аталған.

Қара құрдым бұған дейін теория жүзінде дәлелденгенімен, «галакиткалар өзегінде болуы мүмкін» деп болжанғанымен нақты кескіні көрсетілмеген еді.

Қара құрдымның теориялық тұрғыда бірнеше түрі бар. Өте көп тараған түрлерінің бірі — «жұлдыз қара құрдымы». Жұлдыздың барлығы емес, аса ауқымды жұлдыздар эволюциясының соңғы кезеңі жұлдыз қара құрдымына айналады. Екінші түрі «аса ауқымды қара құрдымдар» деп аталады. Олар әр галактиканың ортасында орналасады. Қара құрдымның бұл түрі — галактика жүйесін ұстап тұратын бірден-бір массалы дене, — дейді Мұқағали Қаламбай.

Қара құрдымның алғашқы суреті қалай түсірілді?

Жерден 55 миллион жарық жылы бар қашықтықтағы M87 галактикасы қара құрдымының суретін АҚШ-тың «Оқиға көкжиегі телескобы» (Event Horizon Telescope) атты халықаралық радиотелескоптар желісі түсірді. M87-ні бес құрлықта орналасқан сегіз телескоп пен жүздеген ғалым бақылап келген.

қара құрдым 1
Chandra рентген обсерваториясынан түсірілген M87 галактикасы. Фото: Nasa.gov

NASA-ның хабарлауынша, «Оқиға көкжиегі телескобының» жұмыс тобы қара құрдымды бақылау үшін әртүрлі ұзындықтағы жарық толқындарын пайдаланған.

Рентген сәулелері бізге қара құрдым көкжиегіне жақын бөлшектері бар нәрселермен  байланысуға көмектесті, — деді Chandra мен NuSTAR зерттеу тобын басқарған, Пенсильваниядағы Вилланова университетінің астрономы Joey Neilsen. 

Зерттеушілердің есептеуінше, бұл қара құрдымның массасы Күннің массасынан кем дегенде 6 миллиард есе үлкен.

Қара құрдым
Event Horizon телескобынан түсірілген М87 галактикасының ортасындағы қара құрдым. Фото: Nasa.gov

Бұл сурет көпке жарияланардан бұрын мамандардың күрделі сараптауынан өткен. Сөйтіп, қара құрдымды суретке түсіру алғаш рет сәтті аяқталған.

Физика және астрономия ғылымдарының магистрі Мұқағали Қаламбай NASA агенттігі түсірген сурет туралы пікірін айтты.

NASA жариялаған суреттен қара құрдым көрінбейді. Суретте тек қара құрдымның оқиға көкжиегі сыртында айналып жүрген шаң-тозаңды ыстық газы көрінеді, Яғни оқиға көкжиегінен барлық жарық жұтылып кеткен, дөңгелектің іші көрінбейді. Бірақ осы суреттің арқасында бұған дейін теория жүзінде ғана айтылып келген көп мәлімет дәлелденіп отыр, — дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техника факультетінің оқытушысы Мұқағали Қаламбай.

Оның айтуынша, суретке түсірілген қара құрдым басқа галактикада орналасып, Жерден алыс тұрғандықтан қауіпті емес.

Messier 87 галактикасындағы қара құрдым ғылымға қандай пайда әкелді?

NASA ғалымдарының айтуынша, Chandra, NuSTAR, Swift, Fermi телескоптары мен Intercompound Explorer (NICER) эксперименті Құс жолы галактикасының ортасындағы «Мерген А» қара құрдымын да көруге септігін тигізген.

Бұл зерттеу Эйнштейн теориясын дәлелдеуге де көмектеседі. Ол 100 жыл бұрын гравитация толқыны туралы салыстырмалы теориясын айтып кеткен еді.