VIII халықаралық «Бастау» кинофестивалі мәресіне жетті. Фестивальдің биылғы ұраны — «Жаңа буын киносы». Қазылар алқасы фестифальдің үздіктерін атады.

Bastau Debuts толықметражды дебют фильмдер байқауының жеңімпаздары:

Үздік фильм — «Қабірді қозғау», Чон Сын-о (Оңтүстік Корея);

Үздік режиссер — «Ыңырсу», Доминик Сангма (Үндістан, Қытай);

Әйелдердің үздік ролі — «Көңілден кеткен», актриса Юдита Франкович, режиссеры Миха Маззини (Словения, Хорватия, Сербия) және «Пәк қыздар», актриса Джой Ригер, режиссеры Керен Бен Рафаэль (Израиль, Франция, Бельгия);

Қазылардың арнайы жүлдесімен екі фильм — Малгожата Имельсканың (Польша) «Бәрі де анам үшін» және Шәрипа Оразбаеваның (Қазақстан) «Мәриям» картиналары марапатталды.

Александр Пашков
Фото: «Бастау» кинофестивалінің баспасөз қызметі

Шәрипа Оразбаеваның фильміндегі Мәриям — өмірде бар кейіпкер, ол — төрт баланың анасы, Алматыда тұрады. Оның жұбайы іс-түссіз жоғалған. Шәрипа Оразбаева әйелдің хикаясын фильмге айналдырған.

Мәриям — деректі емес, көркем фильм. Сондықтан өзімше драматургия қостым. Меніңше, Мәриямның қазір басынан кешіп жатқаны — қоғамдағы өзекті проблема. Төрт баласымен ол әлеуметтік көмек те ала алмайды, — дейді Шәрипа Оразбаева.

"Мәриям" фильмінен кадр
«Мәриям» фильмінің кадры: Express-k.kz

«Мәриям» фильмі алғаш рет жазда Locarno фестивалінде (Швейцария) көрсетілді. Одан кейін де бірнеше кинофестивальге қатысты. Бірақ «Бастауда» алғашқы жүлдесін алып отыр.

Қысқаметражды фильмдер байқауына қатысу үшін 44 елден 360 өтініш түскен. Оның 60-ы Ресейден. Биыл фестивальге алғаш рет Непалдың жас режиссерлары қатысты. Бірақ қазылар байқауға тек 6 фильмді іріктеп алды.

Bastau Debuts толықметражды дебют фильмдер байқауының халықаралық қазылар алқасы құрамында Ресей кинорежиссеры, сценарист, продюсер Михаил Сегал (төраға), киносыншы Роберто Куэто (Испания), продюсер Денис Васлин (Нидерланды), театр және кино актриса Нелли Уварова (Ресей), актер, продюсер Фархат Әбдірайымов (Қазақстан) болды.

Bastau Shorts қысқаметражды фильмдер байқауының үздіктері:

Үздік қысқаметражды деректі фильм — «Ауыл күйі», Әсел Сыдықова (Қырғызстан);

Үздік қысқаметражды анимациялық фильм — «Ақыры драмаға толы», Кериха Арнэ (Латвия);

Үздік қысқаметражды көркем фильм — «Сатушы», Сречита Дас (Үндістан);

Қазылар алқасының арнайы жүлдесі — «Дипломмен ауылға», Самғар Рахым (Қазақстан).

Жас режиссер Самғар Рахымның «Дипломмен ауылға» фильмі бұған дейін де бірнеше жүлдеге ие болған.

Бір күні «Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы оқыдым. Оқуды бітіргендердің санаулысы ғана ауылға барып жұмыс істейді екен. Бұл елдің дамуы үшін үлкен тежеу сияқты. Осы тақырыпты фильміме арқау етіп, елдегі өзекті мәселелерді жасырын түрде көрсеткім келді. «Дипломмен ауылға» фильмімен осымен үшінші жүлдемді алып тұрмын, — дейді Самғар Рахым.

Bastau Shorts жеңімпаздарын режиссер, сценарист, кинопродюсер Гела Баблуани (Франция), актриса Рано Шодиева (Өзбекстан), театр және кино актеры Александр Пашков (Ресей) және режиссер Шәрипа Оразбаевалар (Қазақстан) анықтады.

Самғар Рахым
Фото: «Бастау» кинофестивалінің баспасөз қызметі

Фестивальде киноленталар Bastau Debuts пен Bastau Shorts байқауларымен бірге студенттерден құралған қазылар алқасының жүлдесі үшін де таласты. Студенттер алқасы режиссер Лаура Тамошюнайтенің (Литва) «Бақыт жанымнан өтіп бара жатқанда ұйықтап жатқам» картинасын үздік қысқаметражды фильм деп танып, гран-при табыстады. Ал арнайы жүлдені «Көжек» фильмі үшін Мартинс Гаусишке (Латвия) берді.

"Бастау" кинофестивалі
Фото: «Бастау» кинофестивалінің баспасөз қызметі

Биыл «Бастау» кинофестивалі әлемнің үздік деректі фильмдеріне де жүлде үлестірді. Ораз Әбішев қоры атынан арнайы жүлдемен екі режиссер марапатталды. Бірі үздік деректі фильм деп танылған «Айна арқылы» картинасының режиссеры Арсен Аракелянға (Армения) берілсе, екіншісі «Тақсыр» деректі фильмінің режиссеры Камилла Бердімұратоваға табысталды.

Студенттер мен дебютанттардың VIII халықаралық «Бастау» кинофестивалі аясында қазылар алқасы мен шетелден келген қонақтар түрлі мастер-класс өткізді, шығармашылық кездесулер де ұйымдастырылды.