Қасым-Жомарт Тоқаев: Еліміздің сауда саясаты ашық әрі қарапайым

Қасым-Жомарт Тоқаев Берлин Еуразия клубының 28-отырысына қатысты. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған клуб өз маңызын дәлелдегенін айтты.

Бұл диалог алаңы Қазақстан мен Германия, Қазақстан мен Еуропа қатынастарының әлеуметтік-саяси және экономикалық мәселелерін кең ауқымда талқылауға зор мүмкіндік береді. Бұл — еліміздің Еуропадағы алғашқы жобасы. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында мұндай институттың ролі арта түседі деп есептейміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, кейінгі 3 жыл ішінде әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуал елеулі өзгеріске ұшырады. Санкциялар мен сауда-саттық шектеулері дәстүрлі дипломатиялық құралдарды жиі алмастыра бастады.

Әлем экономикасы елдер мен өңірлердің дамуында диспропорция, технологиялық теңсіздік, қаржы жүйесіндегі әлсіздік сияқты «созылмалы дертке» тап болып отыр. Осындай күрделі жағдайда еліміздің сыртқы экономикалық және сауда саясаты ашық, прагматив және қарапайым. Қазақстан әртүрлі бірлестікпен, елдермен және компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастық орнату үшін ашық болып қала береді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан сыртқы саясатта Еуропа одағымен қарым-қатынасқа баса мән беретінін айтты.

Біз Еуропада болып жатқан оқиғаларды мұқият қадағалап отырамыз, Еуропа көшбасшыларымен тұрақты сындарлы диалог орнаттық. Қазақстан Еуропа одағының Орталық Азия өңіріне қатысты жаңа ұстанымдарына қолдау көрсете береді. Біздің Еуропамен ықпалдастығымыз көбіне Германиямен арадағы экономикалық, тарихи, мәдени байланыстар бойынша ерекшеленеді, — деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қарқынды өсіп келе жатқан инвестициялық әлеуетіне форумға қатысушылар назарын аударды.

Біздің көрші елдермен тығыз интеграциямыз іргелес нарықтарға шығуға қолайлы жағдай жасайды. Бүгінде 500 миллионнан астам адам бізбен шекаралас көрші елдерде тұрады. Еуразия экономикалық одағы аясында еңбек қозғалысы, қаржы қызметін көрсету, капитал және сауда сияқты төрт еркіндік бойынша басымдыққа ие болғымыз келеді. Орталық Азиядағы жақын көршілерімізбен тығыз ынтымақтаста бола береміз. Сондықтан Қазақстанда жұмыс істеп жатқан неміс компаниялары үшін қосымша нарыққа шығуға мүмкіндік ашылады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Үкімет ауыл шаруашылығына, жаңа технологиялар мен цифрланған қызмет көрсету салаларына неміс инвестициясын тартуды қолдауға әзір.

Біз «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық. Германиядағы Фраунхофер институты осы стратегиялық бағдарламаны әзірлеуге қатысты. Өңіріміздегі барлық стартапқа қолдау көрсету мақсатында Astana Hub технопаркі мен ІТ-университет аштық. 3 жылдан кейін еліміздің ІТ саласында дарындылар пулы қалыптасады деп үміттенеміз. Жалпы, біз цифрландыру саласында үкіметтік құрылымдар деңгейінде де, жеке компаниялар деңгейінде де ынтымақтастық орнатуға дайынбыз, — деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін тағы айтты.

Біз сіздерге барынша жеңілдік жасауға дайынбыз. Соның ішінде арнайы экономикалық аймақтарда салықтан босату, инфрақұрылым ұсыну және басқа да жеңілдіктер бар. Мен Kazakh Invest пен Қазақстанның тікелей инвестициялар қорына Германия инвесторларымен ынтымақтастық жасайтын арнайы кеңсе ашу жөнінде тапсырма бердім, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Германия бизнесінің еліміздегі жобаларын іске асыруға «Бәйтерек» холдингі мен Қазақстан даму банкі қолдау көрсетеді.

Бұл — еліміздің инвестициялық жүйесі үшін жаңа шара. Біз бұған дейін ешқандай елге мұндай жағдай жасаған емеспіз. Осы бастама дұрыс ұйымдастырылған жағдайда Үкімет пен инвесторлар мұны тиімді жұмыс істейтін тетікке айналдырады деп сенемін, — деді ол.

Берлиндегі АХІСА конгресс-орталығында өткен клуб отырысына ГФР Үкіметінің жоғары лауазымды қызметкерлері, сарапшылар, журналистер мен неміс бизнесінің 250-ден астам өкілі қатысты.

Айта кетейік, Германиядағы ресми сапарының екінші күні Қазақстан Президенті Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясының төрағасы Вольфганг Ишингермен, Германияның бұрынғы Президенті Хорст Келермен, Фраунхофер институтының сыртқы байланыстар бөлімінің директоры Йенс Нойгебауэрмен және Германияның Baumann Gmbh, Deutsche Bahn AG, Volkswagen AG компанияларының өкілдерімен кездесті.

Ал сапарының алғашқы күні Қасым-Жомарт Тоқаев Германия канцлері Ангела Меркельмен, Германияның экс-канцлері Герхард Шредермен, Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен және CLAAS Group, Linde AG, Schaeffler Group, Siemens Healthineers компанияларының басшыларымен кездескен еді.